Қазақстанда әлі күнге дейін бірде бір ғылым қалашығы жоқ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда Қазақстанда ғылым қалашығын құру туралы пікір білдірді.
Президенттің айтуынша, Қазақстанда ғылымды дамыту, соның ішінде қолданбалы зерттеулер жүргізу үшін көп жұмыс істеліп жатыр. Ғылыми жаңалықтарды коммерцияландыруға, ғылым мен өндірістің байланысын күшейтуге баса мән берілген.
"Дегенмен Қазақстанда әлі күнге дейін бірде бір ғылым қалашығы жоқ. Алматы іргесіндегі "Алатау" инновациялық технологиялар паркінің аумағында ғылым қалашығын құру туралы идея бар екенін білемін. Үкімет осы бастаманы жан-жақты зерделеп, тиісті заң дайындауы керек", – деді президент.
Мемлекет басшысы бұл мәселеге мұқият кірісуді тапсырды.
"Ғалымдардың пікірінше, тиісті дәстүрі мен тәжірибесі бар Курчатов қаласы екінші ғылым қалашығы бола алады. Бірақ мынаны ескерткім келеді: осы жоспардың бәрі шынайы есеп-қисапқа және табанды жұмысқа негізделуге тиіс. Көзбояушылық пен көпірме сөзге әбден тойдық. Сұрауы қатты болады", – деді президент.
Оқи отырыңыз: Зорлық-зомбылықпен күрес: "Қазақстан балалары" атты жаңа біртұтас бағдарлама қабылданады