Ұлттық құрылтай барысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ерекше пікір айтты.
Ол мұны көрнекті қаламгер Төлен Әбдіктің сұхбатынан оқыған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Мен көрнекті қаламгер Төлен Әбдіктің жыл басында "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатын атап өткім келеді. Жазушы "Атаның баласы болма, адамның баласы бол" деп, орынды пікірін айтты. Осы жерде айтарым: өз ұлтыңды өзгелерден биік қою түптің түбінде жарға жығады. Қазақ халқы өзгелерден кем емес, бұл – ақиқат, бірақ артық та емес деп айтуымыз керек.
Қазақ халқын данышпан деп айтсақ, қателеспейміз. Дегенмен дүние жүзінде данышпан халықтар аз емес. Бұл да – ақиқат. Мұндай пікір кейбір адамға ұнамауы мүмкін. Алайда көпшіліктің көңілінен шығамын деп, тура сөзден жаңылуға болмайды. Шын мәнінде әр ел басқа жұрттан даму деңгейіне қарай озбақ.
Жалпы біз төл тарихымызға көкжиегі кең, тамыры терең өркениеттік көзқараспен қарауымыз керек. Бұл – өте маңызды. Сонда ғана халқымыздың өткеніне, бүгіні мен болашағына мүлде жаңа көзқарас пайда болады, – деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Президент көшелер мен елді-мекендерге атау беру кезінде тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану қажеттілігін айтқан еді.