Премьер-министрдің орынбасары — ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың кезекті отырысында ТКШ саласы мен халық ең тығыз қоныстанған Алматы және Түркістан облыстарының инвестициялық көрсеткіштері қаралды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметінен.
Биыл Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен өңірлердің алдында елімізде кемінде 19 млн шаршы метр тұрғын үй салу міндеті тұр. Штаб отырысында 2025 жылдың алғашқы екі айында Қазақстанда 1,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгені айтылды. Бұл 2024 жылдың қаңтар-ақпан айларымен салыстырғанда 6,8%-ға төмен. Оның ішінде 1,2 млн шаршы метрі — көппәтерлі тұрғын үйлер, ал 713 мың шаршы метрі — жеке үйлер. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және ТКШ істері комитеті төрағасының орынбасары Қанат Мыңбаевтың айтуынша, құрылыс қарқынының төмендеуі маусымдық жағдайларға байланысты, дегенмен күн жылынысымен бұл көрсеткіштер қайта қалпына келеді.
Алматы облысында 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 980 млрд теңгені (80% жеке, 20% бюджеттік) құраса, 2025 жылға қойылған KPI — 1,35 трлн теңге. Алдын ала мәліметтер бойынша, 2024 жылы тікелей шетелдік инвестиция көлемі $541 млн-ға жетеді, 2025 жылы KPI — $532 млн. Биылғы екі айда 89 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16%-ға артық. Инвестициялардың негізгі үлесі — бюджеттен тыс қаражат. Өңірде ең тартымды инвестициялық салалар — өнеркәсіп (32%), жылжымайтын мүлік (22%), көлік және қоймалау (16%), білім беру (17%).
Қазіргі уақытта облыстың инвестициялық портфелі 57 мың жұмыс орнын ашатын 6,3 трлн теңге сомасындағы 200 жобаны құрайды. 2025 жылы осы жобалардың 35-і іске қосылып, 303 млрд теңгеге 4,8 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Штаб отырысында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев инвестициялық жобалардың жүзеге асуын тежейтін бірқатар мәселелерді көтерді. Солардың бірі — Алатау қаласының бас жоспарын түзетуге байланысты. Бес жоба іске асырудың белсенді кезеңіне өтсе де, 11 жоба жобалау және құрылыс жүргізуге қажетті рұқсат құжаттарын ала алмай отыр. Вице-премьер ӨҚМ-ге бұл мәселені жақын арада шешуді тапсырды.
Тағы бір жоба — балық шаруашылығы кешенінің құрылысы — инвестициялық субсидиялар бойынша лимиттердің қысқаруына байланысты өндірістік қуаттарды кеңейтудің одан әрі кезеңдерін тежеді. Қуаттылығы 1 мың тонна, ал құны 9,5 млрд теңгені құрайтын 1-кезең іске қосылғаннан кейін, қалған 70 млрд теңгені құрайтын 9 кезең инвестицияларды мемлекет тарапынан әрі қарай өтеуге қатысты белгісіздікке байланысты тоқтатылды. Премьер-министрдің орынбасары АШМ-ге инвестор кешеннің құрылысын жалғастыра алуы үшін балық өнімдері жобасындағы лимиттерді қайта қарауды тапсырды.
Сондай-ақ отырыста жер учаскелерін бөлу, инфрақұрылымды жүргізу, Алматы облысының бірқатар туристік нысандарына жол салу мәселелері қаралды.
Түркістан облысы кластерлік үлгіде дамып келеді. Қазіргі уақытта өңірде үш ірі кластер құрылған: мақта-мата (5 жоба, 197 млрд теңге), жүгері (2030 жылға дейін жүгері өсіру көлемін 30%-ға арттыру және крахмал-потокасы зауытын іске қосу) және ет өндірісі (5 жоба, 43 млрд теңге). Жалпы, 2024-2027 жылдарға арналған инвестициялық жобалар портфелінің құны 2,5 трлн теңгені құрайтын 145 жобаны қамтиды. Бұл жобалар аясында 20,3 мың жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке 100 млрд теңге қосымша салық түсімі күтілуде. 2024 жылы 137 млрд теңгеге 57 жоба іске асырылып, 2,2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. 2025 жылы тағы 57 жоба 322 млрд теңгеге іске қосылып, 6,9 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Тек ауыл шаруашылығы саласында 68 жоба жүзеге асырылып, 423,7 млрд теңге инвестиция тартылады, нәтижесінде 9,2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Штаб отырысының қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин барлық өңірлерге жергілікті бюджеттен инвестициялық жобаларға қаржы бөлуді уақытылы қамтамасыз етуді тапсырды. Ал республикалық бюджеттен қарастырылған трансферттер белгіленген мерзімде бөлінетін болады.
Биыл Үкімет әлеуметтік-экономикалық өсу болжамдарымен салыстырғанда экономикалық өсу индикаторларын ұлғайту міндетін қойып отыр. Бұл үшін біз "Бәйтерек" холдингі арқылы ірі бизнес пен ШОБ-ты 8 трлн теңгеге несиелендіруге 1 трлн теңге бағыттаймыз. Ең басты назар — ЖҚҚ беретін қайта өңдеу жобаларына аударылады. Ұлттық экономика министрлігі әрбір өңір үшін экономикалық өсім индексінің салалық декомпозициясын жасады, ал ӨҚМ жақын арада тұрғын үй құрылысының 19 млн шаршы метр көлеміне қол жеткізу бойынша ұқсас схеманы ұсынады. Барлық қойылған индикаторлар белгіленген мерзімде орындалуы тиіс", — деп атап өтті Серік Жұманғарин.