Жалпыұлттық Наурызнама онкүндігі дәстүрге сай бүгін "Көрісу күнінен" басталды.
Осыған байланысты әз-Наурызды атап өтуге дайындық қазірден бастап қарқынды жүріп жатыр. Биыл жыл басы ерекше аталып өтпек, дейді ұйымдастырушылар. Халықтың дәстүрін, мәдениеті мен тарихын насихаттауға бағытталған мың жарымнан астам ауқымды іс-шара өткізу жоспарланған.
Айтулы күн әр адам баласын бір-біріне мейіріммен, кешіріммен және қайырыммен қарауға үндейді. Байырғы халық бұл күні қыстан аман шыққанына қуанған. Мәз-мейрам болған. Үйлерді аралап, "мал-жан аман ба?" деп хал-жағдай сұрасқан.
Кенжеғұл Сейтжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Наурызға бір апта қалған кезде әр түрлі жаңағы Көрісу күні басқа да 7 күніміз бар. Осының барлығын біртіндеп дәріптеп келе жатыр. Біз өзіміз ұлықтап келе жатырмыз.
«Наурыз» бірыңғай логотипіндегі үш қызғалдақ – уақыттың үш кезеңін, яғни еліміздің кешегі тарихын, қазіргі дамуын және келешек бағдарын бейнелейді. Тарихи тұрғыдан, Наурызнама – мыңжылдықтардан бастау алатын халқымыздың мәдени мұрасы. Оны сақтау – бізге ата-бабадан қалған мирас.
БЛИЦ
Көрісу күнін білесіз бе? – Жоқ, білмеймін.
Бұрыннан білесіз бе, әлде жақында ғана естідіңіз бе? Бұрыннан бала кезімізден бар. Таңертең тұрып көрші үйлерге барып, кемінде үш үймен көрісу дейтін бар.
Көрісу күні туралы білесіз бе? – Әрине. Бұл Наурыздың бастауы. Көбіне еліміздің батысында тойланады. Бірақ қазір бүкіл еліміз бойынша тойлану дәстүрі еніп жатыр.
Былтыр Наурызнама шеңберінде елде 800-ден астам іс-шара, оның ішінде көрмелер, фестивальдер, әдеби-музыкалық кештер, қайырымдылық науқандар, спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
Гүлзейнеп Пазылова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің басқармасы басшысы:
- Көрісу күні аясында ең басты ірі қалаларындағы мәдени ұйымдарында Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Ұлттық музей мен орталық мемлекеттік музейдің қабырғасында қазір үлкен ауқымды құндылықтар тақырыбына арналған халықаралық форум өтейін деп жатыр.
Биыл тұңғыш рет бейнелеу өнерінің мамандары мен қылқалам шеберлерінің арасында байқау өткізіледі. Қазіргі таңда 150-ге жуық суретшінің еңбегі қабылданды. Нәтижесі 21 наурызда белгілі болады.
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Тағы Маңғыстау облысында 5 мың адам бір мезетте ұлттық киіммен көшеге шығып, Гиннес рекордтар кітабына енуді көздеп отыр.