Бүгін — көрісу күні. Амал мерекесі деп те атайды. Жасы кіші үлкен кісінің үйіне барып, қол алысып, құшақ жая қауышады. Бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Әсіресе Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында амал мерекесін атап өту дәстүрге айналған. Береке мен бірліктің мейрамы көрісу күні еліміздің батысында қалай тойланып жатыр?
Талғат Исламұлы, тілші:
-Ар ма, ағайын! Амал мерекесі құтты болсын! Маңғыстаулықтар биыл да дәстүрінен жаңылмай, таңсәріден «Адай ата – Отпан тау» тарихи-мәдени кешеніне жиналды.
Маңғыстау халқы «Амал келді — жыл келді», «Бір жасыңызбен» десіп, көрісу мейрамын 13 наурыздан бастап тойлайды. Халық құшақ жая көрісіп, театрландырылған қойылымды тамашалады. Бауырлас түрік, әзірбайжан, өзбек, түрікмен елінен өнерпаздар арнайы келіп, мереке маңызын арттыра түсті.
Намиг Асланұлы, жыршы /Әзербайжан/:
-Наурыз — түркітілдес елдерге ортақ мейрам. Таудың басында киіз үйлер тігіп, кешқұрым бірлік оты жағылуы мені қайран қалдырды. Бұл дәстүрдің ертеден бастау алғанын естіп, ата салтын ұлықтаған бауырлас елге құрметім арта түсті.
Көрісу күні маңғыстаулықтардың көшеде, тіптен жұмыс орнында ұлттық киіммен жүруі көз қуантады. Бүгін облыстың барлық елді мекенінде мәдени-спорттық шаралар ұйымдастырылған. Ал Ақтөбеде амал мейрамы қалай өтіп жатқанын Мансұр Есқожин баяндасын.
Мансұр Есқожин, тілші:
-Амал мерекесі құтты болсын, ағайын! Иә, әріптесім айтып өткендей бұл мереке еліміздің батыс өңірінде кең таралған. Ақтөбенің Байғанин, Темір, Мұғалжар, Шалқар сияқты оңтүстік, оңтүстік-батыс ауданында шоғырланған ел ежелден атап өтеді.
Алтыншаш Айтжанова, қала тұрғыны:
-Бұл дәстүр бойынша өкпе-реніштің барлығы артта қалсын деп жылымыз құтты берекелі, ағымыз мол болсын деген ниетпен, ауызбіршілік болсын деген ниетпен бір-бірімен көріседі.
Кимешекті әжейлер шеруі де соңғы жылдары Ақтөбедегі Амал мерекесінің айнымас бір дәстүріне айналды. Биыл тіпті егде тартқан аналарға келіндері де қосылды.
Көрісу күнінің көшіне көшедегі жұрт түгел қосылады. Кездескенде қол алысып, кеуде қағыстыру шарт. Жай ғана сәлемдесіп қоймай, араздасқан жан татуласып, арасы алшақтаған жұрт қайта қауышуға асығады. Амал мерекесінің Атырауда қалай өтіп жатқанын Асланбек Шығыр жеткізуге әзір.
Асланбек Шығыр, тілші:
-Амал мерекесі құтты болсын, қазақ елі! Бүгін «Амал жұлдызы» туған шақ. «Самарқанның көк тасы» жібіп, қара торғай тұмсығын суға шылаған кезді атыраулықтар да асыға күтті. Бүгін міне Исатай-Махамбет алаңына жиналған жұрттың қарасы қалың. Мұнда өңір тұрғындары үшін Көрісу күніне орай театрландырылған қойылым сахналанып, белгілі эстрада жұлдыздары өнер көрсетіп жатыр.
Людмила Досаева, қала тұрғыны:
-Барша қазақстандықтарды осы Амал күні — Көрісу айтымен құттықтаймын. Халқымыз, еліміз тыныш болсын!
Жалпы Амал мерекесі тіршіліктің жаңаратын уақыты. Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, мауқын басатын күнде жас балалар таң атысымен 40 үйге кіріп сәлем береді. «Бүгін дүниеге келген сәбидің бесігін Қызыр тербейді» деген наным-сенім бар ел ішінде. «Бүгін үлкеннің батасы, жастың тілегі қабыл болатын уақыт»,– дейді. Сондықтан баршаңызға жақсылық тілейміз! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Бүгіннен бастап ұлу жылы тарих қойнауына еніп, жылан жылы кіреді. Көрісу күнімен басталған мереке Наурызнамаға сәйкес елімізде 10 күн бойы тойланады.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов