Ұлттық құрылтайдың IV отырысынан кейін құрылтай қатысушыларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ауызашар берілді, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі .
Жиында Президент сөз сөйлеп, қастерлі қос мерекенің қатар келуін бәріміз жақсылыққа балайтынымызды атап өтті.
Ең алдымен, қасиетті Рамазан айында тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын дегім келеді. Сондай-ақ бүгін баршаңызды Әз-Наурыздың бастауы – Көрісу күнімен құттықтаймын! Халқымыз үшін қастерлі қос мерекенің қатар келуін бәріміз жақсылыққа балаймыз. Осындай берекелі сәтте Көкше жерінде арнайы бас қостық. Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысын өткіздік. Мазмұнды әрі мағыналы жиын болды. Көптеген салмақты ұсыныс айтылды. Қоғамды толғандырып жүрген маңызды мәселелер көтерілді,-деді Мемлекет басшысы.
Президент құрылтай мүшелері азаматтық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп жүргенін айтты
Құрылтай отырысының нәтижесі елімізге нақты пайда әкелеріне еш күмән жоқ. Бүгінгі жиында құрылтай мүшелері елге шын жанашыр азаматтар екенін айқын көрсетті. Елдік істе күш біріктіру – біртұтас ұлтқа тән қасиет. Сіздер әрдайым азаматтық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп жүрсіздер. Баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан өзге Мемлекет басшысыРамазан айындағы игі амалдар ынтымақ-бірлігімізді арттыра түсетінін атап өтті.
Рамазан айы – «Айлардың сұлтаны». Осы кезде азаматтарымыз игі амалдар жасауға тырысады. Мұқтаж жандарға көмектеседі. Иман келтіріп, рухани жағынан тазарады. Түптеп келгенде, мұның бәрі жұртымыздың ынтымағын арттырады. Берекелі бірлігімізді бекемдей түседі. Біз озық ойлы ұлт ретінде тек алға қадам басуымыз керек. Қазіргі бұлыңғыр, тұрақсыз әлемде халқымыздың тұтастығы аса маңызды. Сондықтан, бәріміз саналы, сабырлы болайық, ағайын!,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент пікірінше, жан-жақты реформалар жүргізуде Ұлттық құрылтай ерекше рөл атқарып келеді.
Халыққа негізгі саясатымызды дұрыс түсіндірейік. Жаппай жұртқа үлгі болайық. Ел ішіндегі дарынды, қабілетті азаматтарға, ең алдымен, жастарға жол берейік. Біз бір ел, бір халық болып, елеулі өзгерістерді бірге жасап жатырмыз. Қазақстанның саяси жүйесін толық жаңғырттық. Жаңа экономикалық бағдарымызға сай нақты жоспарымызды жүзеге асыратын болдық. Бүгінде жан-жақты реформалар өз жемісін беріп жатыр. Осы жолда Ұлттық құрылтайдың ерекше рөл атқарғаны сөзсіз. Сіздердің бастамаларыңыз көптеген мәселені уақтылы шешуге ықпалын тигізуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді,-деп сөзін жалғады Президент.
Мұнан соң Қасым-Жомарт Кемеұлы негізгі мақсат – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру екеніне тоқталды.
Мен «Ана тілі» газетіне берген сұхбатымда еліміздің алдында тұрған жаңа міндеттерді атап өттім. Негізгі мақсат – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру. Бұл – Адал азаматтардың қолынан келетін іс. Адал азаматқа тән қасиеттер исламның гуманистік идеяларымен терең астасады. Асыл дініміз халқымыздың бітім-болмысымен, таным-түсінігімен біте қайнасып жатыр. Ислам діні ата-бабалардан мирас болған салт-дәстүрімізбен сабақтас. Осы қос құндылық, яғни дін мен дәстүр – ұлттық бірегейлігіміздің мызғымас тірегі,-деді ол.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы жастарымыз барша адамзатқа ортақ құндылықтарды бойына сіңіріп өсуге тиіс екенін айтты.
Дәстүрлі ислам – қараңғылықтан ада, мейірім мен жасампаздық діні. Ұлтымыздың атадан балаға жалғасқан наным-сенімі адамгершілік құндылықтарға негізделген. Солай болып қала береді. Жұртымыз ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажырата білуі керек. Әсіресе, жастардың көзі ашық, көкірегі ояу болғаны жөн. Олар жасампаздық жолымен жүруі қажет. Аға буын өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп отыруы керек. Жастарымыз барша адамзатқа ортақ құндылықтарды бойына сіңіріп өсуге тиіс. Ұлттық болмысымызды сақтай отырып, жаңашылдыққа ұмтылғаны абзал. Сонда біз үйренетін әрі үйрететін ұлт боламыз. Қастерлі дініміз де, қазыналы дәстүріміз де осы қасиеттерді дәріптейді,-деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев өркениетті ел болу үшін тазалық ұғымын қоғамда терең орнықтыру қажет екенін алға тартты.
Ислам – тазалықтың діні. Өркениетті ел болу үшін тазалық ұғымы қоғамда терең орнығуы керек. Былтырдан бері елімізде «Таза Қазақстан» акциясы жүріп жатыр. Жалпыұлттық жоба жұртшылықтың кең қолдауына ие болды. Әсіресе, жастарымыз, соның ішінде еріктілер ерекше белсенділік танытты. Ұлттық құрылтай мүшелері де игі іске атсалысты. «Таза Қазақстан» жай науқан емес екенін мен бірнеше рет айттым. Оның түпкі мазмұны көшені, ауланы тазалаумен шектелмейді. Бұл – ұлттық болмысымызға қатысы бар мәселе, тұтас еліміздің келбетін өзгертетін бастама. Мен осы жерде Таза Қазақстанның тағы бір сипаты азаматтарымыздың сана-сезімі мен жан-дүниесінің тазалығы екенін атап өткім келеді. Рухани тазалық – ұлт сапасын айқындайтын маңызды фактордың бірі. Демек, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға ата дініміз де оң ықпал етеді,-деді ел Президенті.
Сөз соңында Мемлекет басшысы тату елде тұрақтылық пен тыныштық болатынына тоқталды.
Ислам – өзара құрмет пен келісім діні. Қазір әлем халқы аса күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Қауіп-қатерлер күшейді, геосаяси ахуал да күрделеніп барады. Кейбір санасыз, надан адамдардың, арандатушылардың іс-әрекетінің салдарынан әлемдегі ислам дінінің де беделі төмендеп кетті. Өкінішке қарай, осындай үрдіс пайда болды. Мұндай алмағайып кезде біз ынтымағымызды нығайтуымыз керек. Бұл – аса маңызды міндет. Бәріміз бір ел болып зор жауапкершілікпен мемлекеттік саясатты қолдауымыз керек, еліміздің ұлттық мүддесін қорғауымыз қажет. Тату елде тұрақтылық пен тыныштық болады. Бірлігі мықты ел өркендейді.Қасиетті Рамазан айы еліміз үшін жақсылыққа толы, шарапаты мол ай болсын. Оразада ниет еткен дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,-деп сөзін түйді Мемлекет басшысы.