What are you looking for?

ҚҚС шегі кәсіпкерге жайлы ма?

05.03.2025

Салық кодексі аясында жүзеге асуы мүмкін жаңашылдықтың бірі – қосылған құн салығы (ҚҚС) бо­­йынша есепке қоюдың шегін қа­зір­­гі 78 млн теңгеден 15 млн тең­­ге­ге дейін төмендету. Үкі­мет өкіл­дерінің пайымдауынша, бұл бизнеске де, мемлекетке де пайда­лы болмақ. Әрі қарай министр­­лер бы­лай дейді: елімізде тіркел­ген 2 млн 300 мың салық төлеуші­нің 137 мың­нан астамы ғана ҚҚС тө­леу­ге мін­детті. Енді соның 88 мыңы ғана ҚҚС төлеуде адалдық танытады екен. Аз ба? Иә, соншалық­ты көп емес. Бұл қаншама қаржы­ның қа­зынаға құйылмай жатқа­нын ай­ғақтайды. Мұның бірден-бір себебі жоғарғы шек дейді шенділер.

«Сол себепті біз ҚҚС бойынша шекті төмендетуді ұсынып отырмыз. Бұл шекте шағын және орта бизнестің (ШОБ) 80 пайызы жұмыс істейді, сондықтан ШОБ субъектілерінің көбіне бұл онша әсер етпейді. ЕЭДҰ елдерінде шек бұдан да төмен, кейбір жетекші экономикасы бар елдерде тіпті нөлге теңестірілген», дейді Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әміриннің түсін­діруінше, табысы 500 млн мен 1 млрд теңге аралығындағы кәсіпкер ҚҚС төлемеу үшін 78 млн теңгеге дейінгі аралықта бизнесін бөлшектеп тастайды.

«Табысы 500 млн теңге болса, демек оған 12-15 компания тіркеуге тура келеді. Ондай жағдайда ҚҚС төлеуден құтылады. Әйтпесе, де-факто – салық төлеуге тиіс орта бизнес. Мемлекет жыл сайын бизнестің бөлшектенуі салдарынан 800 млрд теңге көлеміндегі табыс салы­ғын жоғалтады. ҚҚС-ты есепке қою бо­йынша шектің төмендетілуі және B2C-дегі жеңілдетілген арнайы режім сияқты тетіктер – кәсіпкерлікпен емес, көлеңкелі экономикамен күрес. Салық төлейтіндер салық төлемейтіндермен әділ бәсекеге түсе алмайды», дейді вице-министр.

ҚҚС мөлшерлемесінің 12 пайыздан жоғары көтерілуін қолдамағандардың біразы ҚҚС шегінің төмендеуін де қаламайды. Бұл ретте олар баға қымбаттайды; көптеген кәсіпкерге бухгалтер, заңгер қажет бола бастайды – бұл да басы артық шығын; шағын кәсіпорындардың көбі жабылып қалады деп үрейленеді.

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, шекті 15 млн-ға дейін төмендету мәселені шешпейді. Бизнесті бөлшектеу одан әрі жалғаса береді.

«78 млн теңгенің 15-ке емес, 40 млн-ға түсірейік. 3 жылға. Ашықтық режіміне өте ме, өтпей ме, қарап көрейік. 40 млн теңгені 12 айға бөліңіздер, қанша болады? 2 млн теңге әркімнің қалтасында жүр, соның бәрі ҚҚС төлеуі керек пе? Ең абзалы – 40 млн теңге. Бәрі дұрыс болса 3 жылдан соң тағы да төмендетуге болады. Болмаса сол 40 млн күйінде тұра береді. Сосын Алмас Чукин мырза дұрыс айтты, корпоративті табыс салығын алдын ала алып қоясыңдар. Ал бизнестің келесі жылы қанша табыс табарын ешкім де айта алмайды. Осындай құралдармен бизнесті қысып жатырсыңдар. Жалпы, салық реформасынан бизнесті ынталандыратын ештеңе көріп тұрған жоқпын», деді депутат Парламентте өткен талқылауда.

«Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев те ҚҚС шегі 40 млн-нан жоғары шекте болуы керек деген пікір білдірді.

«Адамдар бизнестен орташа жалақы деңгейінде табыс табуы үшін айналымы 15 млн емес, 45-75 млн теңге болуы керек. Әйтпесе, олар кәсіпкер емес, әрең дегенде жан бағып жүргендер болып шығады. Мұндай тәсіл күн-түн демей жұмыс істеп жүргендерге обал жасайды. Олар дәл олай зауытта да, кеңседе де істей алар еді ғой», дейді депутат.

Бизнесмен Ерлан Оспанов мәселеге басқа қырынан қарап көрген дұрыс деген пікірде.

«Қазір ҚҚС төлеушілер саны 100 мыңға жуықтайды. Енді шекті төмендету нәтижесінде олардың саны 300 мыңға дейін толығады. Бұл 300 мың қазір бағаға 12 па­йызды қосып жатқан жоқ. Ал шекті төмендеткеннен кейін олар бағаға ҚҚС құнын қосуға мәжбүр болады. Қазір олардың (ҚҚС төлемейтіндердің) бағасы әлдеқайда бәсе­кеге қабілетті. Нәтижесінде, нарықтың барлық қатысу­шы­лары арасындағы баға теңеседі. Бұған ҚҚС төлеп отырған қазіргі 100 мың субъект тек қуанады. Өздерінің ұсақ бәсекелестерінің бірыңғай ережемен ойнайтынын құп көреді. Сонымен қатар салық жүктемесінен бөлек салық­тық әкімшілендіру де бар. Шекті төмендетпес бұрын цифр­ландырып, бақылауды ретке келтіру керек», дейді кәсіп­кер.

Сарапшы, «iKapitalist» платформасының негізін салу­шы Нұрбек Раев ҚҚС шегінің төмендеуінің бизнеске тиімді тұсы туралы айтты.

«Мұндай талапқа тек мықты орта немесе ірі компания­лар ғана шыдас бере алады, демек, Үкіметтің назары биз­несті күшейтуге бағытталған. Мұның ізін ала кезекті реформа – кәсібін бірнеше ЖШС мен ЖК-ға бөліп тастап, ҚҚС шегіне дейін сауда жасауға маманданған бизнестің бөлшектену үрдісін жою тұр. Шекті төмендету бизнесті кеңейтуге ынталандырады. Ресейде мұндай шара бірнеше жыл бұрын жүргізілді. Бірақ ол жақта бұл шара әлдеқайда қатаң жүргізіліп, күштік құрылым да тартылды. Жалпы, ҚҚС бойынша шекті төмендету – бизнесті рейдерлік схемаларсыз үлкейтудің өте өркениетті тәсілі, яғни сыбайлас жемқорлық компоненті болмайды», дейді сарапшы.

Social Link

Follow Me On Social Media