Парламент Сенатының тұңғыш төрағасы, одан кейін үш рет Сенат депутаты болған, айтар сөзі, берер ақылы, көрсетер үлгісі бар жақсымен ой бөлісудің өзі – бір ғанибет. Ол кім еді десеңіздер, жұрт кісісі – Өмірбек Байгелді ағамыз.
Осыдан 16 жыл бұрын, көктемге салым Өмірбек аға телефон шалды. «Сенатқа, жұмыс орныма келіп кетсең, қайтеді?» деді. Бұрын атына сырттай қанық үлкеннің айтқанын екі етпедім. Уақытына келістік. Сол бір сәтте қазақ журналистикасының шын қайраткері Ержұман Смайылдың «Кейбіреулер жанын түсінбейді, таза кісі, залымдығы жоқ, көңілі дақсыз, сенгіш, баяғы қазақтың сарқытындай көрінеді маған» деген байламы еске түсе кеткені бар. Бардым. Шынында жайдары жан екен. «Биыл жетпіске келемін. Ағаң туралы мақала жазуға қалай қарайсың?» деді сұраулы жүзбен. Замандастары Шераға (Мұртаза) бастаған біраз азаматтардың атын атадым. «Ойлана келіп саған тоқтадым. Жазғандарыңды көптен тұщына оқып келемін» деді салмақ сала тіл қатып. Сонымен, әңгімеміз жарасты. Ол кісі баппен, байыппен, асықпай, аптықпай өткен өмір жолын баян етті. Әр сөзі құлжа сақаға құйған қорғасындай салмақты естілді.
Бірден айтайық, Өмірбек Байгелді тәуелсіздігімізді алған тұста қарағайға қарсы біткен бұтақтай жігер танытқан, астанадан алыста жатқан ел-жұртын жұмған жұдырықтай береке-бірлікке ұйыстырып, «Бүгінгі қадам ертең елеске айналып, белеске көтерілеміз, ол үшін атан түйе көтерер зілмауыр істі білектесіп тұрып, жүрек қалауымен іліп әкетейік» деген азамат болды. Бұл оның тектілігін, ел ісіне атүсті қарамайтын қырағылығын аңғартады. Әңгіме барысында бүгінсіз ертең болмайтынын алға тартып, қилы кезеңдерді сабақтағанда жады неткен мықты жан дегізіп еді. Әр сөзі тарих сабағындағы деректердей естіліп еді. Көз алдыңа аумалы-төкпелі замандардың шаңына көмілмей, көлеңкеде қалмай, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан, осы күндері бәріміз арқа тұтатын ұлттың ұлы құндылықтарын жібек жіпке тізген жауһардай етіп көз алдымыздан өткізген-ді. Қағазға қадалмаған, компьютерге телмірмеген дара данышпандар мен ұлы жыраулар, аңыз, әпсана иелері мөлдір бастаудың тұп-тұнық суындай сылдырап еді. Егер сіздей зерделілер болмаса, рухани байлықтарымыз дәл бүгінге жетер ме еді дегізді. Әр сөзінің астарындағы телегей-теңіз ойға қанық болып едік. Жақсының кең кеудесі тұнба бұлақ, алтын сандық деген осы екен-ау дегенбіз іштей.
Тұғыры мықты екенін аңғартып отырды. Тұғырдың түбі тамырға байланады. Тамыры тереңге кетсе, мәуелі бәйтеректің жапырағы мәңгі жап-жасыл болып тұрады. Осы жағынан келгенде арыға бармай беріден қайырсақ, Өмеағаңның әкесі Байгелді Кейкіұлы тек адал еңбекке жүгініпті. Кіндігінен 13 ұл-қыз тарапты. Соның бірі біздің кейіпкеріміз екен. Байгелді ақсақал сұрапыл соғыста еліне қара, жұртына пана болыпты. Балаларының аузынан жырып, тірнектеп жүріп жиған 100 мың сомын ұшақ жасауға беріпті. Бұл еңбегі үшін бас қолбасшыдан жоғары баға алыпты. Тыл жұмысының көрігін қыздырыпты. Соның нәтижесінде бір шаруашылықтан 8 адам Еңбек Ері атанса, соның бірі Кейкіұлы екен.
Балапанның қанаты ұшса қатаяды, ұшпаса түбі бекімей түбіртек болып қалады. Орта мектепті 16 жасында үздік бітірген бозбала еңбекте шыңдалып, шымыр болып шығады. Бойдағы албырттықпен Сібірге, комсомолдық жолдамамен екпінді құрылыс саналатын Братск ГЭС-іне тартып кетеді. Екпінді құрылыста жүргендердің көбі ойдан, қырдан қашқандар болып шығады. Балаң жігіт шешінген судан тайынбас деп ширатылған жіптей ширыға береді.
Жаңғақтай қатайып, шынардай бекіп, кіндік қаны тамған топырағына оралған соң, жоғары білім алсам деген бір сиқыр әлем оны өзіне тарта береді. Үкілеген үміті ақталып, бұрынғы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түседі. Білек күші енді ой-сана күшіне алмасады. Лениндік стипендияға қол жеткізеді. Жігітке бір сыр, сан қыр керек десек, ол қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, институттың комсомол ұйымына жетекшілік етеді.
Оқу бітірген соң туған жеріне оралады. Маман болып жұмысқа кіріседі. Санаулы жылдар ішінде облыс деңгейіндегі қызметтерге көтеріледі. Білімін тереңдете түсу үшін Мәскеу қоғамдық ғылымдар академиясына жол тартады. Ғылымға терең бойлайды. Бұл өмірге, қоғамға деген көзқарасын өзгерте бастайды. Ел тарихына, ұлттың өсу, өркендеу, қалыптасу кезеңдерінен мағлұмат беретін еңбектерді оқиды. Содан да болар, Кеңес дәуірі дүркіреп тұрғанда, бәрі жақсы, кемшілік жоқ, кемшілік болса оған кеңшілік жоқ деп ұрандатып жүргенде Өмірбек Байгелді ағамыз «Өмір көшіне көз салсам...» деген күнделік жазады. Оны сол түстағы «Қазақстан коммунисі» журналына бастырады. Сөзіміз жалаң шықпасын, үзінділерін оқып көрелік: «1984 жыл. Қордай аудандық партия комитетіне бірінші секаретарь болып келдім. Он жылдай обкомның ауыл шаруашылығы бөлімінде меңгеруші болдым ғой. Бұл өңірдің жай-жапсарын жақсы білемін. Сөз көп, атқарылған іс жоқ. Елден береке кеткен. Бірлік жоқ жерде тірлік қайдан болсын. Аудан мемлекетке жарты миллион сом қарыз. Жер әбден тозған. Жоғары жақтан бұйрық солай болған соң, қызылшаны еге-еге ел де, жер де әбден титықтап бітіпті. Жайлау жүдеп, өріс тарылып, халық атакәсібінен айырыла бастаған. Бәрінен да жанға бататыны: өнімсіз тірліктен мезі болған жұрттың еңбекке деген ынта-ықыласы азайып, марғау бір бойкүйез күйге түсіпті. Ел еңсесі төмен. Осының бәрін көрмей-білмей келгемін жоқ».
Азамат аға осылайша сол заман ақиқатын алдымыздан шығарып, өтіріктің пердесін сыпырады. Күнделікке тағы үңіліп көрелік: «Осы неге билікқұмар, баққұмар болдық екен? Қарап тұрсаң, қайсыбіреулердің жаман қасиеттерінің бәрі осы мінезден туындайды. Арызқойлық, алауыздық, рушылдық, жікшілдік – бәрі осыдан. Сәл ғана билік баспалдағына шықсақ болды, кешегі күнімізді ұмыта қаламыз. Маған салса, басшы атаулының кабинетіне әлгі ертегідегідей: «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл», деп жазып қояр едім. Халық даналығы ғой бұл».
«Қай елдің тізгінін ұстасаң, сол елдің ұлы бол, қажет кезде тіпті ұлтанын жамайтын құлы бол», деп бір тұста жаман әдет, жат қылықтан сақтандырады. «Ұлтыңа ұл да, құл да бол – одан зор болмасаң, қор болмайсың», дейді тағы. Бұдан бүгінгілер үйренсе, қане?
Ол тағы бірде: «Іс тетігі – кадр қолында. Қанатты сөзге айналып кеткен осы бір қағиданы мен өзім ешқашан да жадымнан шығарып көрген емеспін. Білікті де білімді маман – ел ырысы. Оларды бағалай білу, сақтай білу керек. Бізде мынадай бір жаман әдет жиі көрінеді: ауданның яки облыстың жаңа басшысы келе сала бұрынғы кадрларды (әсіресе төменгі басшыларды) шетінен алмастырып шығады. Дұрыс емес – бұл. Қанша айтқанмен, бұрынғы кадрларда қалыптасқан тәжірибе бар. Тек тап басып тани біл, керек жерінде қолдап отыр», десе, одан кейін: «Егер жеткенімізге тоқмейілсіп бір сәт қана тоқырап көрейікші, өмірдің күшті ағысы бізді кейін қарай лықсытып ала жөнелері сөзсіз. Сондықтан әрдайым іздене беру қажет. Меніңше, ғылымға көбірек бет бұрған жөн. Ал бізде ше? Жер тозған, мал тұқымы азған. Оны тек ғылым көмегімен ғана оңалта аламыз. Бізде өндіріс пен ғылымның өзара байланысы өте нашар ғой. Ғылыми мекемелер өндіріс көздерінен алшақ қалды. Осы жерден пәлен жүз шақырым жерде біреу біз жөнінде диссертация қорғайды, одан соң ол көміліп, шаң астында жата береді. Жоқ, олай болмау керек. Ғылым тікелей өндіріс басында ғана өріс алады емес пе?»
Сонда бұл сөзді ешкім құлаққа қыстырмаған ғой. Және бүгін де жиі айтылып жүрген мәселе. Күнделіктен бұл үзінділерді неге дәйекке келтіріп отырмыз, себебі қазіргі іс басындағылар сабақ алсын, ойланып жүрсін, бұл есінен шығармайтын қағида-тәмсіл, ағадан қалған аталы сөзді білсін дегендіктен.
Өмір өткелдерінің таязы мен тереңінен сүрінбеген Өмірбек Байгелді баспалдағы биіктей береді. Бір кездері өзі орта дәрежелі қызмет атқарған облыс басшыларының бірі болады. Жамбыл облыстық халық депутаттары атқару комитетінің төрағасы, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, облыстық кеңестің төрағасы, одан кейін облыс әкімі қызметтерін атқарды. Ол кезең тәуелсіздіктен кейінгі алмағайып заман болатын. Қарық қылады деген нарық табалдырықтан аттаған. Халықтың діттеген жерінен шығу қиынға соғып тұрған. Сондай сын сағатта Өмеағаң жұртын алдымен ынтымаққа ұйытқан. 70 жыл бойы жиған дүниені шашпай-төкпей ел игілігіне жаратуды, бірден талапайға салмауды берік ұстанған. Жекеге беруді ойластырып барып жүзеге асыруды мақсат еткен. Ол кезде мұндай адалдық кез келген адамның қолынан келе қоймағанын жасырып қайтеміз. Нарық талабы деп желкелеп болмай бара жатқан кезде ол өріс толы ақтылы қойы мен алалы жылқыны ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетірмей, табанақы, маңдай терге қарай адалдықпен теңдей бөліп беруді, өзінің азаматтық парызы санайды. Бұл жолда талай тартысқа түседі. Заман ағымы деп желіккендермен жан аямай келіспей керіскен.
Одан біздің де хабарымыз бар еді. Әңгіме үстінде Өмеағаң: «Амал не, асығыстық жасадық. Бардың бағасын кетірдік. Аяғы жұртты телім-телім еттік. Қаншама ұрпақ ауылдан босып кетті. Әділдік жолындағы жұмыстың арқасында өткелі қиын өтпелі кезеңде киелі Тараз жұрты көп қинала қоймағаны қалың елге белгілі. Жастар жағы біле қоймас, үлкендердің есінде шығар», деп мұңайып отырып қалғаны осы күні көз алдымнан кетпейді. Байгелдідей батыл қадам жасағандар көп болғанда, ел несібесі тарыдай шашылмас еді.
Тұңғыш сайланған қос палаталы Парламент Сенатының тұңғыш төрағасы лауазымын төрт жыл мінсіз атқарғаны мәлім. Оған да мысал жетіп-артылады. Сенаттың жұмысы түрен түспеген тың жерден бастау алған еді. Әсіресе Парламент Мәжілісінен келген заңдарды жан-жақты сарапқа салып, жұрттың тілек-талабына сай қабылдау алғашқы кезде оңай бола қоймағаны белгілі. Оның үстіне Сенат депутаттарының тәжірибесі де онша мол емес-тұғын. Соның бәрін байсалдылықпен, білімдарлықпен ұйымдастыру оңай болды дейсіз бе? Бірақ ортақ жұмысқа жұмылдыра білу жағынан келгенде, Өмеағаңның өмірлік тәжірибесі көп септігін тигізгені сөзсіз.
Әріптестерімен кемелдікпен кеңесе отырып алғашқы Сенат жұмысын даңғыл жолға салған Өмірбек Байгелді ағамыз екінші шақырылған Парламент Сенатының депутаты болумен қатар, Сенат төрағасының орынбасары жұмысын қоса атқарды. Одан кейін де Сенат депутаты болып екі рет қайта сайланды. Бұл оның ақыл-парасатын, қарым-қабілетін бағалап, халыққа ақ-адал жұмыс жасағанына көрсетілген сенім деп білеміз.
Отанымызда екінші тұлға саналатын осындай мәртебелі жұмыстарды атқарған, мамандығымен шектеліп қалмай арғы-бергі тарихты, ұлт жайын, ұрпақ мәселесін бір сәтте көкейінен шығармаған азаматпен әңгіме-дүкен құрып отырғанда тәуелсіздік туралы ой толғамдары бізді ерекше әсерге бөлеген еді. Шынында тарихтың алашұбар беттерін парақтап отырсаң, халқымыз бастан кешкен жолдың бұралаңы да, бұлтарысы да көп екен. Егемендікке жетсек деген талпыныс бір сәт те толас таппапты. Бірақ бәрі өз жемісін бере қоймапты.
«Желкеден төнген қара күш қара құмайдай бүрді де отырды. Оған өз арамыздағы алауыздық та себепкер болып жатты. Қанша адам бұл жолда қанын төгіп, жанын берді десеңізші. Тәуелсіздік демесе, Кенесары басын шаптырар ма еді? Мұстафа Шоқай елден ұзап, сүйегі жат жерде қалар ма еді? Тұрар Рысқұлов тұғырдан таяр ма еді? Кешегі Желтоқсан көтерілісі болар ма еді? Осы көп сұрақтың жауабы тәуелсіздігіміз деп білуіміз керек. Ендеше, бұл Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Менің әрдайым тәуелсіздіктен асқан бақ та, бақыт та жоқ дейтінім – содан. Тәуелсіздіктің мәртебесін көтеріп, абыройын асыру – қазақ топырағын алтын бесік санайтын әр адамның асыл парызы, мойнына артылған бес батпан қарызы. Мұны өзіміз біліп қана қоймай, кейінгі ұрпақтың отаншылдық рухын оята отырып, санасына сіңіруіміз, бойына дарытуымыз қажет. Міндеттің ең үлкені – осы. Дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы деген осындайдан туып, қалыптасады. Осыны біз секілді үлкендер айтпаса, кейінгі жас бәрі оңай екен деп қалады», деп еді Өмеағаң.
Өрісті ойдың иесі Өмеағаң оқымаған кітап, зерделемеген дүние кемде-кем. Ол кісі бір кездердегі аңыз-әпсаналардың астарында шындық жатқанын тап басып, дәлелдейтін. Оған өз дәйегімен қатар, оқымыстылардың кітабынан мысалдар келтіретін. «Сенбесең, мына автордың, мына кітабының мына бетін ашып көрсең, бұл туралы айтылған, ерінбесең, оқып көр», дейтін. Соның бәрін жаңылмай жатқа айтқанда, бұл неткен зеректік, зерделілік деп сүйсінесің.
Жазып алған сөзімен қатар, жазған мақалаларын да шолып шықтық. Солардың ішінде «Неге?..» («ЕҚ», 24 маусым, 2009 ж.) деген ой толғамы ерекше әсерге қалдырды. Ат үстінде жүргендер мен ақшасы барлардың көбі – қазір шетелшіл. Артынып барып, тартынып қайтады. Өмеағаң жоғарыдағы мақаласында неге деген сұрақты алға тартып, біреулерге елеусіз көрінетін нәрседен елдік мәселе қозғайды. Италияға жолы түскенде қашқақтамай қасынан табылған кекіліктерді көріп, «Бұл қалай?» дейді. «Бізде кекілік көш жерден адамды көрсе, алды-артына қарамай зытады. Мұнысы несі?» дейді. Балтық бойындағы мемлекеттерде кәдімгі тиыныңыз адамдардың қолынан қорек жейтінінен дәйек келтіреді. Канадада бармақтай тиынды қойып, көлге қонған жабайы қаз-үйректер, біз жаушымшық деп жақтырмайтын шымшықтың өзі адамдардың қасынан айналсоқтап шықпайтынын, «Ол елдерде неге құс та, аң да, балық та адамды пана көреді?» деп қазақ даласындағы киіктерді көз алдына келтіреді. Бір замандары 2 миллионға жеткен дала еркесін, бейкүнә киіктерді ерігіп жүргендер аз уақыттың ішінде баудай түсіріп 25 мыңға бір-ақ құлдыратқанына әттеген-ай дейді. «Біз соншалықты мейірімнен кенде қалғанбыз ба, құлқыннан басқаны ойлауды қойғанбыз ба?» деген өкінішін алдыңа жайып салады. Шіркін, әр шенеунік дәл сол кісідей тереңнен толғанып, күнімдігін емес, өмірлігін ойласа, сеніміне селкеу түсірмей, қазақтың бағын қайтсем ашам десе, ұлттық намысын оятып, рухын тірілтсе, көп түйін шешілер еді.
Елден шыққан ел баласы Өмірбек Байгелді белгілі азамат Қалмырзаев туралы жазбасын: «Міне, Сарыбайдың да бұл дүниеден өткеніне бір жылдай уақыт болып барады. Кеше ғана болған оқиға сияқты еді. Бұл өмір солай ғой» деп бастаған екен. Болмысы бүтін, ұлттық рухы мықты, халқым деген қайраткер қазақ Өмеағаңның өз сөзін өзіне айтуға тура келіп тұрғанын қарашы. Осы жерде жыр дүлдүлі Фариза Оңғарсынованың:
«Ойы биік, саналы,
Шуақ шашқан жанары.
Ел сүйсінер жақсылар,
Әттең сиреп барады»,
деген төрт жол өлеңі ойға орала кеткені. Бұдан артылтып не айта аласың?
Сүлеймен МӘМЕТ