Шетелге заңсыз шығарылған активтерді қайтару бойынша жұмыстар қалай жүріп жатыр?
Бас прокуратураның активтерді қайтару жөніндегі комитетінің мүшелері Интерполдың штаб-пәтеріне барды. Тараптар Интерполдың әлеуетін заңсыз иемденілген активтерді іздеу, тыйым салу, тәркілеу және қайтару үшін пайдалану туралы келісімге келді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бас прокуратураның хабарлауынша, сапар аясында Жаһандық ақпараттық-ағартушылық қызмет және өңірлік қолдау басқармасының басшысы Абдулазиз Обайдалламен, сондай-ақ Қаржылық қылмыстарға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес орталығының (IFCACC) басшысы Теос Бадегемен екіжақты кездесулер өтті.
Комитет төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков Интерпол Бас Хатшылығының өкілдеріне шақыру үшін алғыс білдіріп, 196 мемлекетті біріктіретін әлемдегі ең ірі құқық қорғау ұйымымен ынтымақтастық Қазақстанның активтерді іздеу және қайтару мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететінін ерекше атап өтті.
Интерпол өкілдерімен өзекті мәселелер талқыланып, активтерді қайтару саласында тәжірибе алмасу үшін оқу іс-шаралары мен іссапарлық миссияларды ұйымдастыру, қаржылық қылмыстарға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасаудағы күш-жігерді нығайтуға бағытталған шаралар жоспарланды.
Айта кетері, бұған дейін бас прокуратураның активтерді қайтару жөніндегі комитет Интерполдың қазақстандық бюросымен ынтымақтастық туралы меморандумды рәсімдеген болатын.