What are you looking for?

Сарыағашта белгісіз біреулер екінші топтағы мүгедек жанды азаптап өлтіріп кеткен

06.03.2025

Анасының сөзіне қарағанда, баласына жасы үлкен ауыл жігіттері несие алдыртқан.

Түркістан облысында хабар-ошарсыз кеткен екінші топтағы мүгедек жігіттің денесі Сарыағаштың шетінен табылды, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Марқұмның туыстары бір топ жігіт баламызды пышақтап, жапан далада қансыратып тастап кеткен деп отыр. Қара жамылған отбасы 19 жастағы Жасұлан Әбдіманапты азаптап өлтірген қаскөйлер түгел қамалсын деген талап қойды.

Райхан Жамалова кенжесінің соңғы видеосына қайта-қайта қарап, өксігін тия алмай жылайды. Қайғыдан жүрегі қан жылаған ана баласын 10 күннен бері осылай жоқтап отыр.

Туыстарының айтуынша, 20 ақпанда Жасұлан Әбдіманап көрші үйдің моншасына кетіп, із-түссіз жоғалған. 19 жастағы жігіттің денесін жақындары екі күн өткенде адам аяғы баспайтын Сарыағаш қаласының шетінен әрең таптық дейді.

"Қайдағы бір көшенің бұзық балалары айдалаға апарып, баламның істеген жақсылығы үшін осындай аяусыздықпен 14 жерінен пышақ ұрып, жауыздықпен өлтіріп отыр. Ешкім білмей қалады деді ма айдалаға апарып тастап, әрі қарай өздері көңіл көтеріп жүрген", – дейді марқұмның анасы Райхан Жамалова.

Анасының сөзіне қарағанда, баласына жасы үлкен ауыл жігіттері несие алдыртқан. Қарызды төлемеудің амалы ретінде ұлымды ажал құштырды деп отыр. Жасұлан Әбдіманап екінші топтағы мүгедек. 8 сыныпта басынан ісік алынып, ауыр дертті жеңген.

"Олар менің баламды алдап, анам ауырып жатыр, маған несие бермей жатыр.....алып берші деген екен. Сөйтіп, екі-үш айдан бері менің балама несие алдыртып жүрген екен. Оны менің балам бізге намыстанып айтпаған. Соны енді төлеңдер, уақыты келіп қалды, қара тізімге кіріп кетпейін үйдегілер білмейді деп айтқанға олар осы дәрежеге жеткізіп отыр", – дейді марқұмның анасы Райхан Жамалова.

Қара жамылған отбасы ұлдарының бір емес бірнеше адамның қолынан азаппен ажал құшқанына сенімді. Қанды қылмыс бойынша адам өлтіру бабымен бір ғана күдікті қамауға алыныпты.

"ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігімен көзделген "адам өлтіру" дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Осы қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған күдікті анықталып, ҚР ҚПК-нің 128-131 баптарының тәртібімен ұсталды. Күдіктіге қатысты тергеу соты екі ай мерзімге "қамауда ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын қолдануға санкция берді", – делінген хабарламада.

Бірақ Райхан Жамалова ұлын айуандықпен өлтіргендердің барлығы жазаланғанын қалайды. Жасұлан Әбдіманап үйдегі төрт баланың кенжесі. Мектепті бітірген жас жігіт анасымен бірге дүкен ашып, кәсіп бастауды жоспарлаған екен. Алайда мақсатына жете алмай қыршын кетті.

Social Link

Follow Me On Social Media