ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫБіз туралы ↗
Қымыз Ақпарат.
Ақпарат. Көзқарас. Шындық.
Бөлімдер
Қоғам

«Алда әлі талай нәрсе бар»: Динара Сәтжан 44 жасын қалай қарсы алды

«Алда әлі талай нәрсе бар»: Динара Сәтжан 44 жасын қалай қарсы алды

Динара Сәтжан 44 жасқа толған туған күнінде өмірге, жасқа және отбасы құндылықтарына қатысты ойымен бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz. 

Ол студент кезінде 40 жастағы адамдарды егде көргенін айтып, қазір 44 жасында өзін 20 жастағыдай сезінетінін жазған.

"Бүгін мен 44-темін. Таңғы 7:50-де ояндым да, өзімді шамамен 20 жастағыдай сезіндім. Басым ауырмайды. Белім сырқырап тұрған жоқ. Жанымда от бар. Жастық — әжімнің болмауы емес. Жастық — ертең не болатыны әлі де қызық болған сәт. Сүйгің, жасағың, шығармашылықпен айналысқың, білім алғың, армандағың келген кез. Таңертең оянып, «Алда әлі талай нәрсе бар» деген сезімде болу", – деп жазды ол.

Динара Сәтжан өзін жас сезінуіне ата-анасының жанында болуы да әсер ететінін атап өтті. Оның сөзінше, ол бір мезетте немере, қыз, жар, ана, келін және ене рөлін атқарып жүр.

"Бақытты болу үшін қажет нәрсенің бәрі менде бар. Отбасым, туғандарым, достарым, жақындарым, командам, DS community, оқырмандарым, тіпті мүлде танымайтын адамдар да бар. Әр жолы адамдармен көзге көрінбейтін байланысың бар ортада өмір сүрудің өзі қандай бақыт деп ойлаймын", – деді ол.

Сондай-ақ ол Қазақстанда өмір сүруді өзі үшін бақыт әрі жауапкершілік деп санайтынын жеткізді.

"Жасым ұлғайған сайын өз елімде өмір сүру тек бақыт пен артықшылық қана емес, үлкен жауапкершілік екенін тереңірек сезінемін. Қазақстанның экономикада, ғылымда, IT-де, бизнесте, геосаясатта күшейгенін қалаймын. Біздің әлеуетіміз өте жоғары", – деп жазды Сәтжан.

Ол елдің дамуына өз мүмкіндігіне қарай үлес қосқысы келетінін де айтты.

"Мен сол үшін қолымнан келетін нәрсені жасағым келеді. Жұмыс орындарын ашу. Маңызды мәселелер туралы айту. Қолдау көрсету. Мүмкіндік беру. Қазақстанның гүлденгенін қалайтын адамдармен бірге осының бәрін жасағым келеді", – деді ол.

Туған күнінде Динара Сәтжан өткенге есеп беріп, алдағы жылдарға жоспар құрудан гөрі қазіргі сәтті сезінгісі келетінін жазды.

"Бүгін қорытынды жасағым келмейді. Бес жылдық жоспар құрғым келмейді. Қанша нәрсе істелгенін, әлі қаншасы алда тұрғанын есептегім келмейді. Бүгін жай ғана өмір сүргім келеді. Өмірге бәрі үшін рақмет айтқым келеді. Ең қызығы әлі алда!" – деп түйіндеді ол.

Дереккөз: Malim · Алуа Әшірбекова