Шымкент прокуратурасы Конституциялық соттың жеке сот орындаушыларының қызметіне ақы төлеуге қатысты шешімі орындалмағанын анықтады. Осылайша азаматтардан заңсыз өндірілген ақшалай қаражат толығымен қайтарылды, деп хабарлайды қадағалау органына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Ведомствоның ресми сайтында хабарланғандай, қала прокуратурасы Конституциялық Соттың 2026 жылғы 11 маусымдағы №86-НҚ Нормативтік қаулысын іс жүзінде орындалуын қамтамасыз етті.
Бұған дейін баламен қарым-қатынас жасау тәртібін айқындау туралы сот шешімдерін орындау барысында жеке сот орындаушысының қызметіне ақы екі тараптан да, оның ішінде сот шешімі пайдасына шығарылған ата-анадан да өндіріліп келген.
Конституциялық Сот мұндай тәсілге жол берілмейтінін атап өтіп, сот шешімінің орындалуы сот арқылы қорғалу құқығының ажырамас бөлігі екенін және өндіріп алушы үшін қосымша кедергілер туғызбауға тиіс екенін көрсетті.
"Қала прокуратурасы жүргізген талдау барысында Нормативтік қаулы күшіне енгеннен кейін де үш жеке сот орындаушысы қызмет ақысын заңсыз өндіруді жалғастырғаны анықталды.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша азаматтардың құқықтары қалпына келтіріліп, заңсыз өндірілген қаражат толық көлемде қайтарылды", — делінген хабарламада.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Айтолқын Адырбай



