Ақтөбе облысында тасқыннан бүлінген бөгеттерді жөндеу кезінде қаза болған екі жұмысшының өлімі өндірістегі жазатайым оқиға деп танылмады. Сарапшылар олардың апатқа қызметтен тыс уақытта ұшырағанын алға тартып отыр. Алайда марқұмдардың туыстары бұл қорытындымен келіспейді, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
"Мекеме хабарласқан да жоқ. "Көмек керек пе?" деп сұраған да жоқ. Қазір жалдамалы пәтерде тұрамыз. Өзім декретте отырмын. Енді балаларымның болашағын ойлаймын", — дейді марқұмдардың бірінің жұбайы Әйгерім Жарылғап.
Ол 30 жасында төрт баласымен жесір қалды. Күйеуі осыдан екі ай бұрын Ойыл ауданына іссапармен барған. Жаз бойы тасқыннан бүлінген бөгеттерді қалпына келтіруге қатысады. Марқұм "Қазсушар" мекемесінің өңірдегі филиалында көлік жүргізушісі болған.
Қаралы күні кешкі сағат алтыдан кейін әріптесімен бірге тракторға мініп өткелге жеткенде ауыр техника аударылып, екі жұмысшы да мерт болады. Оқиғаны жақын маңда мал бағып жүрген ауыл тұрғындары байқап, су шаруашылығы мекемесінің қызметкерлеріне хабарлаған.
Қайғылы жағдайдан кейін тексеру жүргізілген. Алайда еңбек инспекциясы оқиғаны өндірістегі жазатайым оқиға деп танымады. Сараптама қорытындысы мен тергеу барысында жиналған дәлелдерге сүйенген мамандар екі қызметкердің жұмыстан тыс уақытта қаза болғанын айтады. Әйтсе де бөгеттерді жөндеу кезінде "Қазсушар" тарапынан бақылау болмағанын да атап отыр.
"Сараптаманың қортындысы: оларда жұмыс берушінің тапсырмасы болмаған, оқиға жұмыстан тыс уақытта болған. Сол себептен бұл өндіріске қатысы жоқ болып шықты. Тергеп-тексерген кезде кемшіліктер табылды. Жұмыс беруші тарапынан сақтандыру жасалмаған", — дейді Ақтөбе облысы еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Талғат Исқарин.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Айтолқын Адырбай



