Көкшетауда жоғалып кеткен 4 жастағы бала ашық тұрған кәріз құдығына түсіп, көз жұмған, деп хабарлайды Kazinform.
8 қазанда Көкшетау тұрғындарын еріктілер таратқан 4 жастағы баланы іздеуге арналған хабарландыру алаңдатты. Бала сол күні Көкшетаудағы Әшимов көшесі, 223-үй мекенжайынан шығып кеткен. Хабарландыруда баланың дұрыс сөйлей алмайтыны көрсетілген.
Кейін баланың суға батып кеткені туралы ақпарат тарады. Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл ақпаратты растады.
"2026 жылғы 8 қазанда Көкшетау қаласында кәмелетке толмаған баланың жоғалғаны туралы кезекші бөлімге хабарлама түсті. Іздеу жұмыстарына полиция мен Төтенше жағдайлар департаментінің күштері жұмылдырылды. Іздестіру барысында бала ашық тұрған құдықтан табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ", — деп хабарлады ведомство.
Полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, тиісті тексеру жүргізілуде. Тергеу мүддесіне және дербес деректерді қорғауға байланысты өзге ақпарат жарияланбайды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Айтолқын Адырбай



