ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ ЖАҢАЛЫҚТАРЫБіз туралы ↗
Қымыз Ақпарат.
Ақпарат. Көзқарас. Шындық.
Бөлімдер
Қоғам

«Қазақ аруы–2024» Ақкербезге қанша қалың мал берілді?

«Қазақ аруы–2024» Ақкербезге қанша қалың мал берілді?

"Қазақ аруы–2024" байқауының жеңімпазы Ақкербез Ысқаққызы ұзатылды. Ол әлеуметтік желіде құдалық пен ұзату сәттерін бөлісті. Жариялаған видеода қалың малға 5 миллион теңге берілгені айтылады, деп хабарлайды Malim.kz. 

Күйеу жігіттің жақындары қалың малмен қатар, қыздың отбасына алтын және ақшалай сыйлықтар табыстаған. Сондай-ақ дәстүрге сай қоржындар әкелген. Бұл сыйлықтардың жалпы құны туралы нақты мәлімет айтылмаған.

Ақкербезді Гүлнұр Оразымбетова ұзатты

Ақкербезді әнші Гүлнұр Оразымбетова ұзатқан. Өнер иесі әлеуметтік желідегі жазбасында аруға бұрын берген уәдесін орындағанын жеткізді.

"Ақкербез "Қазақ аруы–2024"-тің "Алтын тәжін" алып келгенде, бұйырса өзім ұзатамын деп едім. Міне, сол күн де келіп жетті. Күйеу жігіт Әкежанға өз қолыммен тапсырдым. Бақытты болыңдар!" – деп жазды әнші.

Жарияланған видеода Ақкербез ұлттық нақыштағы қызыл киіммен Гүлнұр Оразымбетованың жанында тұрғанын көруге болады.

Ақкербез Ысқаққызы кім?

Ақкербез Ысқаққызы – Қызылорда облысы Шиелі ауданының тумасы. Ол 2024 жылы "Сыр аруы" байқауында жеңіске жетіп, кейін республикалық "Қазақ аруы–2024" байқауында топ жарған. 

Байқауда жеңіске жеткен кезде Ақкербез 17 жаста болған. Сол жылы берген сұхбатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқуға түскенін айтқан. 

Күйеу жігіт Әкежан кім?

Ақкербездің таңдауы еркін күрес балуаны Әкежан Айтбековке түскен. Ол 97 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді.

Бұған дейін Malim.kz Ақкербездің сүйіктісі туралы материал жариялаған⁠. Ондағы мәліметке сәйкес, Әкежан 2023 жылы ІІ Түркі универсиадасында алтын медаль жеңіп алған. Сол жылы "Сұңқар–2023. Студенттік спорт жұлдыздары" республикалық байқауында "Үздік студент-спортшы" атанған.

Ал 2025 жылы өткен ІІІ Түркі универсиадасында 97 келі салмақта күміс жүлдеге ие болған. 

Әкежанның үйленуге ұсыныс жасағанын Ақкербез әлеуметтік желіде хабарлап, "Миллион рет иә! Шексіз бақыттымын" деп жазған еді. Енді жұптың қуанышы құдалық пен қыз ұзату рәсіміне ұласты.

Дереккөз: Malim · Алуа Әшірбекова