"Келін" телехикаясындағы бала Ананди рөлі арқылы қазақстандық көрерменге танылған үнді актрисасы Авика Гор Sen Sulu косметика брендінің амбассадоры болды. Актрисаның Қазақстанмен байланысы бұған дейін де тележобалар, жарнамалық кездесулер және кино арқылы жалғасқан, деп хабарлайды Malim.kz.
Қазақстанға алғаш қашан келген?
Авика Гор Қазақстанға алғаш рет 2014 жылғы 1 наурызда келген. Ол кезде 16 жастағы актрисаны "Қазақстан" ұлттық телеарнасы арнайы шақырған. Сапар барысында оның "Таңшолпан", "Түнгі студия" және "Әйел бақыты" бағдарламаларына қатысуы жоспарланған. Әуежайда актрисаны Нұрлан Қоянбаев пен жанкүйерлері қарсы алған.
Ұлттық арнаның сол кездегі материалында Авиканың ата-анасымен бірге келгені жазылған. Актриса Қазақстандағы алғашқы әсерімен бөлісіп, күннің суық екенін айтқанымен, көрермендерімен кездесуді асыға күтіп жүргенін жеткізген. Сондай-ақ отбасы Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітіне баруға қызығушылық танытқан.
Бұған дейін де косметикалық компанияның шақыруымен келген
Авиканың Қазақстанға сапары телебағдарламалармен шектелмеген. 2017 жылғы сәуірде ол Алматыға "Трипач" косметикалық компаниясының шақыруымен келген.
Stan.kz-тің сол кездегі мәліметінше, актриса сусабын өндіретін компанияның жарнамалық бет-бейнесі болған. Компания басшылығына оны Қазақстанға шақыру туралы ұсынысты тұтынушылардың өздері айтқан. Осылайша, қазақстандық жанкүйерлері актрисамен қайта кездесуге мүмкіндік алған.
Нұрлан Қоянбаевтың фильміне де түскен
Кейін Авика Гор қазақстандық киноға қатысқан. 2021 жылы ол Нұрлан Қоянбаевтың "I go to School" комедиясының түсірілімі үшін Түркияның Алания қаласына барған. Сол кезде актриса қазақстандық көрермендерге қазақ тілінде бейнеүндеу жолдап, фильмге қатысуға арнайы келгенін айтқан.
2022 жылы фильмнің тұсаукесері алдында ол тағы да қазақша сөйлеп, 5 наурызда Қазақстанға келетінін хабарлаған. Картинада Авика басты рөлдердің бірін сомдаған. Бұл жоба "Қазақша бизнес" фильмдеріндегі Еркош кейіпкерінің оқиғасын жеке туынды ретінде жалғастырған.
Sen Sulu қандай бренд?
Sen Sulu – қазақстандық косметика бренді. ELLE Kazakhstan басылымының шолуында оның қасқа арналған гелі, ерін жылтыратқыштары және румянасы аталған. Ал брендтің ресми сайтында әйелдердің табиғи сұлулығы мен өзін еркін көрсетуін қолдау идеясы көрсетілген.
Авика Горды қазақстандық аудитория әлі күнге дейін Ананди есімімен таниды. Алайда оның елімізбен байланысы бір ғана телехикаядан басталып, кейін телебағдарламаларға, косметикалық компаниямен әріптестікке және кино жобасына ұласқан.
Авика Гор кім?
Авика Гор – үндістандық кино және телесериал актрисасы. Ол 1997 жылғы 30 маусымда Мумбай қаласында дүниеге келген. Қазақстандық көрерменге "Келін" (Balika Vadhu) сериалындағы кішкентай Ананди рөлі арқылы танылған. Осы кейіпкер актрисаны бала кезінен көпшілікке танытты.
Кейін Авика "Sasural Simar Ka" сериалында Роли есімді кейіпкерді сомдап, хинди және телугу тілдеріндегі фильмдерге түскен. Көрермен оны әлі күнге дейін Ананди деп атайды.

Дереккөз: Malim · Алуа Әшірбекова



