Павлодар облысында Арыс қаласы әкімінің 22 жастағы ұлына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Мамырда болған қайғылы жайт салдарынан жас жігіт екі аяғынан айырылған болатын, деп хабарлайды өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Біз мамыр айының соңында Астана-Павлодар тас жолында болған жол-көлік оқиғасы туралы жазған едік. Көлік жол жиегіндегі қоршауға соғылып, салдарынан таксиде жолаушы ретінде отырған 20 жастағы жігіт ауыр жарақат алды. Жас жігіт клиникалық өлімді бастан өткеріп, екі аяғынан айырылды.
Кейіннен көлікті Түркістан облысы Арыс қаласы әкімінің 22 жастағы ұлы басқарғаны және оның қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде танылғаны белгілі болды. Әкім Қайсар Манқараев іске араласпайтынын, қызметі тергеу барысына әсер етпейтінін баса айтқан еді.
Бүгін, 22 қыркүйекте, қылмыстық іс рақымшылық бойынша тоқтатылғаны белгілі болды.
"Биылғы жылдың 16 қыркүйегінде жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 1 шілдедегі рақымшылық жасау туралы заңы негізінде тоқтатылып, Екібастұз қаласының прокуратурасына бекіту үшін жолданды.
Сонымен қатар зардап шеккен тарапқа азаматтық тәртіп негізінде сотқа жүгіну ұсынылды", — деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Айтолқын Адырбай



