Әнші Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желідегі парақшасында тележүргізуші Аша Матаймен болған кездесуін айтып, оған ренішін білдірді, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесінің сөзінше, ол Аша Матаймен бір ортада кездесіп, амандасқан. Алайда әншінің айтуынша, тележүргізуші оның сәлеміне жауап бермеген.
"Депутат бола алмай қалғанын менен көрді ме, кім біледі?! Амандассам, Аша маған көзін алайтып бір қарап, мен отырған дастарханға жайғасты. Енді не қылайын? Қиын болды-ай", – деп жазды Меруерт Түсіпбаева.
Әнші мұндай әрекетті әдепке сай емес деп бағалап, әсіресе көпшілік отырған ортада сәлемге жауап бермеуді сынға алды.
"Негізі, үміткер ханымға айтпағым – нағыз мәдениетсіздік қой, сәлемді алмау. Тем более, үлкен ортада, жан-жағымыз – зиялы қауым. Мен ұялдым сен үшін!" – деді ол.
Сонымен қатар Меруерт Түсіпбаева Аша Матайдың депутаттыққа қатысты жоспарын да сөз етіп, әлеуметтік мәселелерді көтеру тақырыбына тоқталды.
"Желіде бір әлеуметтік мәселе көтермеген Аша, сені депутат қып халқым сайлайды деп дәметіп пе едің?!" – деп жазды әнші.
Жазбасының соңында ол этикет бойынша жасы үлкен адамның амандасуына жасы кіші адамның ілтипатпен жауап беруі қажет екенін атап өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Меруерт Түсіпбаева Бекболат есімді азаматқа ренішін білдіріп, өзінің аты мен таныстарын рұқсатсыз пайдаланбауын сұраған еді. Әнші жазбасының Бекболат Тілеухановқа қатысы жоқ екенін де арнайы атап өтті.
Меруерт Түсіпбаева кім?
Меруерт Балғабайқызы Түсіпбаева – қазақстандық әнші, актриса және ұстаз. Ол 1971 жылы 6 тамызда Павлодар облысының Баянауыл өңірінде дүниеге келген. 1995 жылы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын музыкалық театр актері мамандығы бойынша бітірген.
Өнер жолын театр сахнасында бастап, кейін эстрадаға бет бұрды. Көпшілікке "Қимай сені барамын" әнімен танылды. Әншілікпен қатар театр мен кинода рөлдер сомдаған, бірнеше музыкалық альбом шығарған. Кейін өнер академиясында студенттерге сабақ берген.
Дереккөз: Malim · Алуа Әшірбекова



