Жамбыл облысындағы Қордай даласынан қарт тарихтың қатпарынан тіл қатқан тас мүсін табылды. Мамандар көне заманның көзі болған балбал тасты VI–IX ғасырлардағы түркі тайпаларына тән ескерткіш болуы мүмкін дейді .
Археологиялық олжаны алғаш болып Қарасай ауылы тұрғындары Сейтқали Уәли мен Ербол Қали тауып алған. Тарихшылар тас мүсін тиесілі кезеңді Батыс Түрік қағанатының гүлденген шағы деп болжайды. Өйткені ескерткіш ежелгі дәстүрге сай күншығысқа қарата қойылған. Ал мүсін маңында арнайы қашалған тастар, қазылған шұңқырлар бар. Бұл – құрмет көрсету, мінәжат етуге арналған культтік кешеннің бір бөлігі болуы мүмкін деген жорамал жасап отыр. Алдағы уақытта ауыл маңына халықаралық экспедиция жасау жоспарда бар. Сол арқылы түркі кезеңіне тән ескерткіштерге тарихи баға берілмек.
Сауран Қалиев, облыстық Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының директоры:
Біз тас мүсіннің толық географиялық кординаттарын алдық. Жалпы сипаттамасы жасалынды. Бұл енді қазіргі таңдағы біздің Қазақстандағы әсіресе Жамбыл облысынан табылып отырған тас мүсіндерге сәйкес келеді. Біздің Жамбыл орблысынан Меркі ауданы, «Сандықтас» шатқалындағы дәл осы үлгідегі бірнеше тас мүсіндер бар.
Данияр Әлімқұл