Амал мерекесін атыраулықтар халық мейрамы ретінде атап өтуді дәстүрге айналдырған, деп хабарлайды 24kz.
Бүгіннен бастап жыл бойы көріспеген жандар қауышып, араздасқандар ақ тілектің үстінде татуласып жатады. Ғасырлар өтсе де, мән-мағынасын жоймаған айтулы күн мұнайлы өңір тұрғындары үшін ерекше қуаныш сыйлайды.
Биыл да атыраулықтар Амал мерекесін зор ықыласпен қарсы алды. Өңірде жұмыс істеп жүрген шетелдіктер де ұлттық дәстүрді қызығушылықпен тамашалап, мерекелік шараның куәсі болды.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп көрісіп, мауқын басып», — деп хакім Абай жырлағандай, Амал мерекесін атыраулықтар да зор қуанышпен атап өтіп жатыр.
Исатай-Махамбет атындағы алаңға жиналғандардың жүзінен де осындай жылылық байқалады. Облыс өнерпаздары ұйымдастырған сахналық көрініске өңірдегі 16 этномәдени бірлдестіктердің де өкілдері белсене атсалысуда. Атырау қаласында Наурыз мерекесіне арналған мәдени-көпшілік шаралар 14 наурыздан басталып, 22 наурызға дейін 9 күнге ұласады.
Сол 300-дей киіз үйдің 120-сы осы алаңда орналасады. Сол жерде киіз үйлер байқауы, ұлттық ойындар ұйымдастырлады. Бұл жергілікті тұрғындар үшін демалыс, ал шетелдіктер үшін қазақ халқының салт-дәстүрі мен өнерін таныстарын шара болмақ. Себебі, «Теңіз», «Қашаған» секілді ірі кен алаңдарында жүздеген шетелдік мамандар еңбек етеді. Олар қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін осындай шараларда танып біледі десем артық айтқандық емес. Сонымен, енді аз күнде Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз келеді. Ендеше, жыл жаңарып, алыс-жақын ағайын қауышқан осынау Амал мерекесі ізгі үміттің, жақсылықтың бастауы болғай!