What are you looking for?

Мемлекет басшысының атынан Ұлттық құрылтай қатысушыларына ауызашар берілді

14.03.2025

Қасиетті Рамазан айында Көкше жерінде Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысы өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиналғандарды Әз-Наурыздың бастауы – Көрісу күнімен құттықтап, халық үшін қасиетті қос мерекенің қатар келуін жақсылыққа балады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Ең алдымен, қасиетті Рамазан айында тұтқан оразаларыңыз қабыл болсын дегім келеді. Сондай-ақ бүгін баршаңызды Әз-Наурыздың бастауы – Көрісу күнімен құттықтаймын! Халқымыз үшін қастерлі қос мерекенің қатар келуін бәріміз жақсылыққа балаймыз. Осындай берекелі сәтте Көкше жерінде арнайы бас қостық. Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысын өткіздік. Мазмұнды әрі мағыналы жиын болды. Көптеген салмақты ұсыныс айтылды. Қоғамды толғандырып жүрген маңызды мәселелер көтерілді," – деді Мемлекет басшысы.

Президент Құрылтай мүшелерінің азаматтық жауапкершілікті терең сезінетінін атап өтті.

"Құрылтай отырысының нәтижесі елімізге нақты пайда әкелеріне еш күмән жоқ. Бүгінгі жиында Құрылтай мүшелері елге шын жанашыр азаматтар екенін айқын көрсетті. Елдік істе күш біріктіру – біртұтас ұлтқа тән қасиет. Сіздер әрдайым азаматтық жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп жүрсіздер. Баршаңызға зор ризашылығымды білдіремін," – деді Президент.

Рамазан айы – ізгі амалдар жасау, мұқтаж жандарға көмек көрсету, рухани тазару кезеңі. Бұл халқымыздың берекелі бірлігі мен мызғымас ынтымағын нығайта түседі.

"Біз озық ойлы ұлт ретінде тек алға қадам басуымыз керек. Қазіргі бұлыңғыр, тұрақсыз әлемде халқымыздың тұтастығы аса маңызды. Сондықтан бәріміз саналы, сабырлы болайық, ағайын!" – деді Мемлекет басшысы.

Президент "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында еліміздің алдында тұрған жаңа міндеттерді атап өтті.

"Негізгі мақсат – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру. Бұл – адал азаматтардың қолынан келетін іс. Адал азаматқа тән қасиеттер исламның гуманистік идеяларымен терең астасады. Асыл дініміз халқымыздың бітім-болмысымен, таным-түсінігімен біте қайнасып жатыр. Ислам діні ата-бабалардан мирас болған салт-дәстүрімізбен сабақтас. Осы қос құндылық, яғни дін мен дәстүр – ұлттық бірегейлігіміздің мызғымас тірегі," – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың заман талабына сай тәрбиеленуі маңызды екенін атап өтті.

"Дәстүрлі ислам – қараңғылықтан ада, мейірім мен жасампаздық діні. Ұлтымыздың атадан балаға жалғасқан наным-сенімі адамгершілік құндылықтарға негізделген. Солай болып қала береді. Жұртымыз ақ пен қараны, жақсы мен жаманды ажырата білуі керек. Әсіресе, жастардың көзі ашық, көкірегі ояу болғаны жөн. Олар жасампаздық жолымен жүруі қажет. Аға буын өскелең ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп отыруы керек. Жастарымыз барша адамзатқа ортақ құндылықтарды бойына сіңіріп өсуге тиіс," – деді Мемлекет басшысы.

Президент елдегі экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

"Ислам – тазалықтың діні. Өркениетті ел болу үшін тазалық ұғымы қоғамда терең орнығуы керек. Былтырдан бері елімізде "Таза Қазақстан" акциясы жүріп жатыр. Жалпыұлттық жоба жұртшылықтың кең қолдауына ие болды. Әсіресе, жастарымыз, соның ішінде еріктілер ерекше белсенділік танытты. Ұлттық құрылтай мүшелері де игі іске атсалысты. "Таза Қазақстан" жай науқан емес. Оның түпкі мазмұны көшені, ауланы тазалаумен шектелмейді. Бұл – ұлттық болмысымызға қатысы бар мәселе, тұтас еліміздің келбетін өзгертетін бастама. Мен осы жерде Таза Қазақстанның тағы бір сипаты азаматтарымыздың сана-сезімі мен жан-дүниесінің тазалығы екенін атап өткім келеді. Рухани тазалық – ұлт сапасын айқындайтын маңызды фактордың бірі. Демек, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға ата дініміз де оң ықпал етеді,"* – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің маңыздылығына тоқталды.

"Ислам – өзара құрмет пен келісім діні. Қазір әлем халқы аса күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Қауіп-қатерлер күшейді, геосаяси ахуал да күрделеніп барады. Кейбір санасыз, надан адамдардың, арандатушылардың іс-әрекетінің салдарынан әлемдегі ислам дінінің де беделі төмендеп кетті. Өкінішке қарай, осындай үрдіс пайда болды. Мұндай алмағайып кезде біз ынтымағымызды нығайтуымыз керек. Бұл – аса маңызды міндет.

Бәріміз бір ел болып зор жауапкершілікпен мемлекеттік саясатты қолдауымыз керек, еліміздің ұлттық мүддесін қорғауымыз қажет. Тату елде тұрақтылық пен тыныштық болады. Бірлігі мықты ел өркендейді.

Қасиетті Рамазан айы еліміз үшін жақсылыққа толы, шарапаты мол ай болсын. Оразада ниет еткен дұға-тілектеріңіз қабыл болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!" – деді Мемлекет басшысы.

Social Link

Follow Me On Social Media