What are you looking for?

Шаңырақ күні: Ұлттық ұланда өнегелі шаңырақ иесі қызмет етеді

16.03.2025

Құқықтық тәртіп әскерінің әрбір әскери қызметшісі елдік пен ерлікке құштар, патриот азаматтар. Солардың бірі – капитан Ұлан Борамбаев. Ол – отбасымен бірге ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүрген әскери қызметші, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлан Борамбаевтың отбасы ұрпаққа қазақы тәлім-тәрбие беруді басты құндылық санайды. Әскери қызметшінің бойынан ұлтқа деген сүйіспеншілік, салт-дәстүрге деген құрмет ерекше байқалады. Тіпті оның үйінің еденінен де ою кезігеді. Ал қонақ күтетін бөлменің төбесі қазақтың шаңырағына ұқсас етіп жасалған. Қабырға мен төбенің бұрыштарын ою- өрнек көмкерген. Тұрмыстық бұйымдарынан да қазақы нақыш табылады.

Балаларымыздың телефонға телмірмеуі үшін бір мезгіл асық ойнатып, домбыра шертуді үйретемін. Жұбайым дастархан мәзіріне ұлттық тағамдарымыз – қазы-қарта, жент, құрт пен май және бауырсақты жиі қояды. Дастарханымыздан қымыз үзілген емес. Өзім әжемнің қолында ер жеттім. Сондықтан болар, бабалар мұрасын насихаттап жүруге тырысамын.Демалыс уақытында ат ерттеп, көкпар ойнаймын. Қонаққа барсақ та ұлттық киімімізді киіп барамыз, — деді Ұ. Борамбаев.

Шаңырақ иесі жары Әсемгүл Абзалқызымен бірге 3 бала тәрбиелеп отыр. Өнегелі отбасының отағасы – үйде аяулы жар, ардақты әке. Ал қызметте үздік офицер.

Айта кетейік, Ұлан Борамбаев Ұлттық ұлан сапында 2012 жылдан бері қызмет етіп келеді. Оның қатардағы жауынгерден басталған қызметі бүгінде капитан шеніне дейін көтерілген. Қазіргі уақытта ол Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында бөлімше бастығы лауазымын атқарып жүр.

Social Link

Follow Me On Social Media