ІІМ Ұлттық ұланы 2025 жылғы 7 мамырда Астанада өтетін Жеңіс шеруіне дайындыққа қызу кірісті, деп жазады Egemen.kz.
Ұландықтар бронды көліктерді техникалық тұрғыда тексеріп, әскери техниканың корпустарын жаңалап жатыр. Одан бөлек дөңгелектерін қаралап, мінсіз көрінуіне мән беруде.
Шеруге Ұлттық ұланның заманауи 17 бронды техникасы, оның ішінде «Барыс» 6 × 6, «Алан-2», сондай-ақ «Cobra II» қатысады. Бұдан бөлек қауіптілігі жоғары аймақтарда 17 адамға дейінгі жеке құрамды тасымалдауға қауқары бар «Урал ВВ» машинасы ұсынылады.
«Оқ өткізбейтін дөңгелекті бронды көліктер жеке құрам мен жүктерді тасымалдауға, сондай-ақ қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауға арналған», деді бронды танк қызметінің бастығы Арсен Шаймарданов.
Шеру кезінде техниканың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жауынгерлік машиналардың экипаждары, жүргізушілері, техникалық мамандары және медициналық қамтамасыз ету топтары жұмылдырылған.
Айта кетейік, Ұлттық ұланның құрамында механикаландырылған колоннадан басқа шеруге 400-ден астам әскер қатысады. Оның ішінде патрульдік-бекеттік қызметтің әскери қызметшілері мен «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің жауынгерлерінен тұратын екі колоннаның сап түзеп өтуі жоспарланған. Сондай-ақ, Қазақстанның Күш құрылымдарының құрама оркестрінің сапындағы құқықтық тәртіп әскерлерінің 30 әскери қызметшісі Жеңіс шеруін музыкамен сүйемелдейді.
Биыл Жеңіс шеруіне ҚР Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының 4,5 мың әскери қызметшісі қатысады. Алғаш рет Қазақстан аумағында құрылған әскери бөлімдер жауынгерлік туларын салтанатты алып өтеді. Сап түзеген колонналар әскери жылдардағы киім үлгісінде болады.