What are you looking for?

Батыс Қазақстан облысында жол құрылысы саласындағы арнайы техниканы тізгіндейтін маман тапшы

16.06.2025

Батыс Қазақстан облысында жол құрылысы саласындағы арнайы техниканы тізгіндейтін маман тапшы. Ауыр жұмысқа жастардың төзімі жетпейді. Күннің аптап ыстығы өз алдына , оған жаңа құйылған асфальттың 150 градус қызуы да қосылады.

Жасы 70-ке таяса да, Сағынғали Үмбетияров арнайы техниканы тізгіндеп жүр. Жастар жол тегістейтін, жүрісі шабан бұл темірге жолағысы келмейді. Ал ақсақал ми қайнатар ыстыққа қарамастан, бір тыным таппайды. Осы кезге дейін қай жұмысты болсын жатсынбаған.

Сағынғали Үмбетияров, жол құрылысы кәсіпорнының жұмысшысы:

Қазіргі жастар қиыншылыққа шыдай алмайды. Бұл жұмысқа шыдамды адамдар керек. Күн ұзағына далада жүресің. Мұнара кран, көпір краны, жәй кран — сондай техникаларды жүргіздім. Зауытта да істедім. Кеңес кезінде комбайн айдадым. Жағдайымыз жақсы.

Бөрлі ауданында Подстепное-Федоровка-Ресей шекарасына дейінгі күре жолдың бір бөлігі қайта жаңғыртылып жатыр. Транзиттік маңызға ие жобада 65 адам тер төгіп жүр. Таңнан кешке дейін үй көрместен, жұмыстың басы-қасында жүрген учаске басшысы жол салудың оңай еместігін айтады.

Егорь Тен, учаске басшысы:

Иә, жастар мұндай жұмысқа көп келмейді. Негізінен жол құрылысы саласында бұрынғы мамандар қалды. Солармен жұмыс істейміз. Олардың көбі зейнеттегі немесе зейнет жасқа таяған адамдар. Маусымдық жұмыс қой. Жұмысшы табуда қиындықтар бар. Бірақ біз оның бәрін еңсеріп, мінекей, 36 шақырымдық жол бөлігін қайта жаңғырттық. Екі айдан кейін тапсырамыз.

Ал Сағынтай ақсақал сынды ардагерлер салған жолдың сапасын Азамат секілді жас мамандар тексереді. Инженердің мекемеге жұмысқа кіргеніне 6 жыл болған. Жолдың геометриялық параметрлерін өлшейді, қандай материал қолданатынын зерттейді. Технологияның сақталуын қадағалайды. Жыл басынан бері жол сапасын бақылаушы мамандар 196 рет тексеріске шыққан.

Азамат Рамазан, инженер:

Жұмысым ұнайды. Жолдың астынан бастап, үстіне дейін қандай материалдар жатыр — бәрі қызық. Кішкентай кезімізде тас пен бетон ғой деп ойлайтын едік. Ал қазір жолдың неше түрлі фракциясын, оның құрамын, химиялық, техникалық сырын көрген соң өте қызық болды.

Өңірде жол құрылысшыларын, машинистерін даярлайтын екі колледж бар. Облыстық Білім басқармасы мамандарының мәліметінше, олардың 78%-ы жұмысқа орналасады.

Ардақ Мұратқызы

Social Link

Follow Me On Social Media