Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның экс-орынбасары Олжас Әбішевке қатысты атышулы қылмыстық іс бойынша прокуратура тергеуді қайта бастады. Бас прокуратураға жолданған өтініш негізінде іс Астана қаласының прокуратурасына жіберіліп, жаңадан табылған деректер тексеріле бастады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
2022 жылы шыққан сот үкіміне наразы тарап бұл жолы тың дәлел ұсынды. Әбішевтің айтуынша, ресми құжаттар олардың кінәсін дәлелдеген жалғыз куәгердің айтқандарын жоққа шығарады. Әлеуметтік желідегі жазбасында ол бұл деректердің тергеудің негізсіз жүргізілгенін көрсететінін мәлімдеді.
Бас прокуратура бұл өтінішті елордалық қадағалау органына жолдап, мән-жайды анықтауды тапсырған.
«Біртанов Е. мен Әбішев О.-ға қатысты жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша түскен өтініш Астана қаласының прокуратурасына жолданып, қазіргі уақытта тексеріс жүргізіліп жатыр», — делінген ведомствоның ресми жауабында.
Айта кетейік, Елжан Біртанов пен Олжас Әбішев мемлекет қаржысын тиімсіз пайдаланды деген айыппен сотталған. Алайда олар үкіммен келіспей, істі қайта қарау туралы бірнеше рет талап қойған болатын.