What are you looking for?

Павлодардағы беделді мейрамханадан жаппай уланғандар саны 67-ге жетті

19.06.2025

Павлодардағы атышулы «Bellagio Banquet hall» мейрамханасында өткен банкеттен кейін ондаған адам ауруханаға түсті. Жергілікті санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің мәліметінше, тағам мен шикізаттан адам ағзасына аса қауіпті бактериялар анықталған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мамандар жүргізген зертханалық сараптама нәтижесінде дайын тағамдар мен шикізаттан ішек таяқшалары, алтын стафилококк және сальмонелла табылған. Сыртқы ортадан алынған сынамалар да көңіл көншітпейді: ас үй жабдықтарынан – ішек инфекциялары, табадан – стафилококк, ыдыс-аяқтан – сальмонелла табылған.

Мейрамхана жұмысы санитарлық талаптарға мүлде сай келмейтіні белгілі болды. Ғимаратта санитарлық қорытынды болмаған, желдеткіш жүйесі орнатылмаған, тағам сақтау шарттары өрескел бұзылған. Қызметкерлердің медициналық тексеруден өтпегені де анықталды.

Қазір мейрамхана ұжымы толықтай жұмыстан шеттетілді. Оқиға бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, материалдар құқық қорғау органдарына жолданды. Тергеу нәтижесінде қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.

7 және 8 маусым күндері осы мейрамханада өткен екі түрлі іс-шарадан кейін 67 адам уланған. Оның 27-сі ауруханаға жатқызылып, қалғандары амбулаториялық ем қабылдап жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін санитарлық дәрігерлер мейрамханада жұмыс істеген жеті қызметкердің ешқандай медициналық тексеруден өтпегенін хабарлаған болатын. Бұл факті оқиғаның мән-жайын одан сайын ушықтырды.

Social Link

Follow Me On Social Media