Амал мерекесін Англия да тойлап жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Көрісу күнінде, әсіресе, алыста жүрген студенттеріміз белсенді. Туған жерге деген сағыныш жастардың басын қосты.
Отандастарымыз шетелдіктерге ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, дәм ауыз тигізді.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Жансұлтан Нұрмұханов – Орал қаласының тумасы. Ол «Болашақ» бағдарламасымен Англия университетінде магистратурада білім алған. Оқуын аяқталған соң Батыс Қазақстанның шалғайдағы мектептерінің бірінде еңбек етті. Қазір Шотландияның Абердин университетінде PhD докторантура оқып жүр.
Жансұлтан Нұрмұханов, Абердин университетінің студенті:
- Негізі менің ойымша, қазақтар шетелге шыққанда көбірек, дәстүрді қаттырақ ұстанады деп айта аламын. Себебі олар бір жағынан өз туған жерін сағынатын себептен олар әр мерекені тойлауға тырысады.
Ал Әселжан Сарбалина – Атыраудың қызы. Оксфорд университетінің грантын ұтып алып, докторантурада оқып жатыр. Жергілікті клиникада қосымга дәрігер болып жұмыс істейді. Амал мерекесінде ұлттық салт-дәстүрлерімізді шетелдіктер алдында паш етіп жүр.
Әселжан Сарбалина, Оксфорд университенің студенті:
- Олардың барлығы сұрады: «бұл не, бұл қандай мереке» деп. Басынан бастап бәрін түсіндіріп жатқанымда олар таң қалды. Сондай бар екен ғой деп.
Шетелдіктердің Көрісу күніне деген қызығушылығы ерекше. Алуан мәдениеттер тоғысқан Лондон қаласының тұрғындары Ұлы дала елінің салт-дәстүрін жылы қабылдады.
Ребекка Сюнанджори, Лондон тұрғыны:
- Қыстан аман шыққан адамдар саулық сұрасатын жақсы мереке екен. Келесі жылы көктемде қазақтарды кездестіре қалсам, құшақтасып, көрісетін боламын.
Адам Вейг, Лондон тұрғыны:
- Менің Қазақстан туралы хабарым болғанымен, бұл дәстүр туралы білмеппін. Мен үшін өте қызық ақпар болды.
Тұманды Альбионда жылқы етін жеуге тыйым салынған. Қазы-қарта болса да жоқ. Соған қарамастан, дастарханына бауырсағы мен сары майын, елден алдырған құрт-ірімшігін қойып, наурыз көжесін пісіретін қазақ көп. Олар табалдырық аттаған әр қонағын жылы жүзбен қарсы алып, «Бір жасың құтты болсын» деген тілектерін жеткізіп жүр.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы