Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында қар қарқынды еріп, Шідерті өзенінің деңгейі күрт көтерілген. Бұл туралы Төтенше жағдайдар министрлігі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Шамадан тыс көп су Ақсай-Жымпиты автожолының 27-ші шақырымында, Аралтөбе ауылының жанында негізгі өткелді жөндеу кезінде салынған уақытша көпірдің айналасындағы топырақты шайып кетті.
Қазір ТЖМ 20982 әскери бөлімінің қызметшілері уақытша көпірді нығайту үшін инертті материалдары бар қаптарды толтырып жатыр. Көпірді қалпына келтіру жұмысы су деңгейі төмендегенде басталады.
Министрлік жергілікті атқарушы органдар мен полиция департаменті қызметкерлерінің де кезекшілігі ұйымдастырылғанын мәлімдеді.
«Жағдай жергілікті тұрғындарға жедел хабарланды, елді мекендерге қауіп жоқ. Қазіргі уақытта Бөрлі ауданы Ақсай қаласы жағынан баламалы жол бар», делінген ведомство хабарламасында.