Eurasian Resources Group (ERG) және Еуразиялық қаржы компаниясының акционері, директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич 71 жасында қайтыс болды.
Бұл ақпаратты ERG баспасөз қызметі растады.
Александр Машкевич – ERG компаниясының ірі акционерлерінің бірі. Ол бұл компанияны Патох Шодиев, Ибрагимовтер әулеті және Қазақстан үкіметімен бірге басқарған. ERG құрамына «Қазхром» трансұлттық компаниясы, Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі, «Қазақстан алюминийі» және Қазақстан электролиз зауыты сынды ел экономикасы үшін маңызды кәсіпорындар кіреді.
Сонымен қатар Машкевич Патох Шодиев пен Ибрагимовтермен бірге «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ, «Еуразиялық өнеркәсіп компаниясы» АҚ және «Еуразиялық өндірістік компания» ЖШС-нің де тең иесі болды.
Ол «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ мен «Еуразиялық банк» АҚ директорлар кеңесіне жетекшілік етті, Қазақстан Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі, сондай-ақ Қазақстанның Ат спорты федерациясының құрметті президенті қызметтерін атқарған.