Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Вашингтонда өткен Американдық мемлекеттік басқару қауымдастығының (ASPA) мемлекеттік қызметшілерді тұрақтандыру және жасанды интеллект дәуірінде адами капиталды дамыту тақырыбындағы конференциясына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
МҚІА баспасөз қызметінің жазуынша, америкадағы мемлекеттік басқару саласындағы жетекші кәсіби қауымдастықтың ұйымдастыруымен өткен іс-шара – адами капиталды дамыту және жасанды интеллектіні қолдану саласындағы үздік тәжірибемен алмасуға мүмкіндік берді.
Панельдік сессияда сөз сөйлеген Дархан Жазықбай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту бойынша алға қойған міндеттеріне сәйкес жүзеге асырылған ауқымды өзгерістерге және бастамаларға тоқталды. Ол мемлекеттік қызметті бюрократиядан арылту, персоналды басқаруда заманауи HR құралдарын енгізу және мемлекеттік аппараттың сервистік моделін қалыптастыру бағытындағы шараларды атап өтті. Сондай-ақ жаңа басқарушылық мәдениетті қалыптастырудағы маңызды жобалар – Президенттік жастар және өңірлік кадр резервтерін құру тәжірибесімен бөлісті.
Агенттік төрағасы заман талаптарына сай мемлекеттік аппараттағы адам ресурстарын басқарудың барлық процесстері және мемлекеттік қызметке кадрларды іріктеу отандық «eQyzmet» жүйесінде толығымен автоматтандырылғанына назар аударды. Алдағы уақытта жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану зерделеніп жатқандығы атап өтілді.
Қолданыстағы жүйені институционалды түрде қайта қарауды көздейтін ҚР Мемлекеттік қызметін дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілгені айтылды. Тұжырымдама аясында мемлекеттік қызметтің гибридті моделі енгізіліп, қызметшілердің көлденең мансаптық өсуіне және еңбекақы деңгейін арттыруға мүмкіндік жасалады. Жастарды мемлекеттік қызметке тарту және даярлау үшін ерте кәсіптік бағдарлау институтын құру жоспарлануда.
«Мемлекеттік қызметті дамыту Президенттің «мемлекет адам үшін» қағидатына негізделген. Қазақстан жаһандық өзгерістерді ескере отырып, өзіндік прогрессивті даму жолын ұстанып келеді. Біз мемлекеттік қызметтің заманауи талаптарын ескере отырып, инновацияларды енгізуге және қол жеткізген жетістіктерімізді одан әрі жетілдіруге мүдделіміз», деді Дархан Жазықбай.
Шетелдік әріптестер Қазақстанның мемлекеттік қызметті жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу тәжірибесіне қызығушылық танытты.
6 бағыт пен 150 сессияны қамтыған конференцияда басты назар технологиялық өзгерістер мен жаңа цифрлық құралдардың үздіксіз дамуы жағдайында «қоғамға қызмет ету» тәсілдерін қайта қарастыру, жасанды интеллектіні тиімді пайдалану, оны бақылау және қоғам игілігіне жарату, сондай-ақ осы салалардағы ынтымақтастықты күшейту мәселелеріне аударылды.