What are you looking for?

Алтын неге қымбаттап барады

17.06.2025

Ертегілерде айдаһар бауырына алтын басып жатады деуші еді ғой. Жаһандық экономиканың бүгінгі «айдаһарлары» да күннен күнге қымбаттап бара жатқан алтынның бағасына алаңдаулы. Себебі ол жай ғана шикізат емес – ол ғасырлар бойы адамзат сенім артып келе жатқан ең сенімді активтің бірі. Ал қазіргі әлемдегі геосаяси шиеленістер мен экономикалық тұрлаусыздық жағдайында алтынға деген сұраныс бұрын-соңды болмаған деңгейге жетіп отыр.

Әлемдік нарықтағы алтын бағасы тарихи межеден асып, бір граммы шамамен 96 АҚШ долларынан жоғары сатылып жатыр. 2025 жылдың 25 наурызына дейінгі бір жыл ішінде бағалы металл құны 40 пайызға жуық өскен. Ал осы жылдың басынан бері – 16 пайызға жуық қымбаттаған. Сарапшылар бұл құбылысты жаһандық экономикалық тұрақсыздықпен және инвесторлардың «қауіпсіз активке» жаппай бет бұруымен байланыстырады.

Зергерлік бұйымдар мен өндірістік салада кеңінен қолданылатын алтын, шын мәнінде, бағасының қалыптасуында тұтынушылық сұранысқа емес, инвестициялық мүддеге көбірек тәуелді. Бұл металдың тарихи тұрғыда қаржы құралы ретіндегі рөлі әлдеқашан айқындалған. Демек, алтын бағасының күрт өсуін өндірістік қажеттіліктермен түсіндіру қиын.

Алтынның парқын инвесторлар біледі

Алтынға сұраныстың артуына әсер ететін бірнеше себеп бар. Бұл факторлар белгілі бір кезеңдерде алмасып, бірде басты, енді бірде қосымша рөл атқарады. Мәселен, жекелеген инвесторлар бағаның алдағы уақытта өсе түсетініне сеніп, алтын сатып алады. Мұндай қадам, әрине, алыпсатарлық сипатқа ие – яғни кейін жоғары бағада сату арқылы пайда табу көзделеді. Қазақшалап айтқанда, «Ақыл айнымас, алтын шірімес».

алтын

Сонымен қатар, алтын – инфляциядан қорғанудың бір жолы ретінде қарастырылады. Өйткені жоғары инфляция күтілетін сәттерде инвесторлар нақты табысы төмен басқа активтерден гөрі құнын сақтап қалатын алтынға көбірек үміт артады. Мәселен, 1971–1980 жылдары АҚШ-та инфляция күрт күшейгенде, алтынның бағасы да шарықтаған. Ал 1980–1983 жылдары Федералдық резерв жүйесінің төрағасы Пол Волкер жүргізген қатаң ақша-несие саясаты нәтижесінде инфляция басылып, алтын арзандаған еді.

Тағы бір маңызды фактор – алтынның пайыздық кіріс әкелмейтіні. Сондықтан оның инвестициялық тартымдылығы өзге активтердің нақты табыстылығына кері пропорционал. Мысалы, облигациялар инфляциядан жоғары табыс беріп тұрған жағдайда, олар инвестициялық тұрғыда тиімдірек болады. Ал нақты пайыздық мөлшерлемелер төмендеген кезде инвесторлар алтынға бет бұрады. Мұндай жағдай 2000–2012 жылдар аралығында орын алып, сол кезеңде АҚШ-тың 10 жылдық қазынашылық облигацияларының нақты кірістілігі 4 пайыздық пунктке құлап, ал алтынның нақты бағасы бес есеге өскен.

Алтын – қай кезде де алтын

Соңғы 15 жыл ішінде орталық банктер алтынды көбірек сатып алып, аз сата бастаған. 2022 жылы олардың сұранысы екі есе артқан. Бұл үрдіс 2023–2024 жылдары да сақталып отыр. Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council, WGC) мәліметінше, 2010–2021 жылдары орталық банктердің жыл сайынғы нетто-сатып алуы орта есеппен 470 тонна болса, 2022–2024 жылдары бұл көрсеткіш 1000 тоннадан асып кеткен.

алтын

WGC сарапшылары орталық банктердің мұндай белсенділігін геосаяси және макроэкономикалық факторлармен байланыстырады. Атап айтқанда, 2022 жылы Ресей мен Украина арасындағы соғыс басталғаннан кейін әлемдік тұрақсыздық күшейіп, алтынға деген сұраныс күрт артқан. 2024 жылы жүргізілген сауалдамада орталық банктердің үштен екісі геосаяси тәуекелдерден қорғануды басты себеп ретінде атаған. Ал үштен бірі Ресей активтерінің «мұздатылуы» тәрізді жағдайлардан кейін портфельді әртараптандыруды жөн көретінін айтқан. 80 пайыздан астамы алтынды дағдарысқа қарсы құрал және құндылықты сақтау амалы ретінде бағалаған. Себебі алтын – қандай да бір елдің ішкі саясатына тәуелді емес актив; оны девальвациялау немесе бұғаттау мүмкін емес.

Бүгінгі өсімнің басты себебі – белгісіздік

Алайда қысқа мерзімді перспективада мұндай ұзақмерзімді факторлар емес, нақ қазіргі өзгерістер басымдыққа ие. Мамандар алтын бағасының күрт өсуінің басты себебі – экономикалық белгісіздік екенін көрсетті. Бұл фактор жыл ішіндегі бағаның 47 пайызына әсер еткен. Сонымен қатар 2024 жылдың соңында қайта жандана бастаған инфляциялық күтулер де (6%) өз үлесін қосқан.

Сарапшылар қазіргі жағдайды 2020 жылдың алғашқы жартысындағы жағдаймен салыстырады. Ол кезде де алтын бағасының күрт өсуіне пандемияның тудырған белгісіздігі себеп болған. 2024 жылдың көп бөлігінде тұрақты болған жаһандық экономикалық белгісіздік индексі қараша мен 2025 жылдың қаңтары аралығында 1,8 есеге өсіп, пандемия кезіндегі шекті деңгейлерге жеткен.

алтын

Бұл көрсеткіштің көтерілуіне ең алдымен сауда саясатына қатысты белгісіздіктің күрт артуы себеп болған. 2025 жылғы ақпанда сауда саясатының белгісіздігі индексі 470 пунктке дейін көтерілген. Салыстырмалы түрде айтқанда, 2000 жылдан 2024 жылдың ортасына дейін бұл көрсеткіш ай сайын орта есеппен 49 пункт шамасында болған. Ал АҚШ пен Қытай арасындағы 2018–2019 жылдардағы «сауда соғысы» кезінде 260 пунктке жеткен еді. Рекордтық мән – 266 пункт – 2019 жылғы маусымда АҚШ-тың Мексика импортына 5 пайыздық баж салығын енгізу ниетіне байланысты тіркелген. Ол салық кейінірек күшіне енбеген.

Сайып келгенде...

Қазіргі таңда алтын бағасының шарықтауы – жай ғана нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың нәтижесі емес, ол жаһандық экономиканың шеке тамырын солқылдатқан белгісіздік пен сенім дағдарысының көрінісі. Сарапшылардың талдауы көрсеткендей, инвесторлар экономикалық дауылда бағытынан адаспас үшін алтынды желкенді кемедей көріп, соған жүгініп отыр. Әсіресе, АҚШ пен оның серіктестері арасындағы сауда шиеленістері, кедендік шектеулер мен геосаяси тұрақсыздық – алтынға бет бұрудың басты алғышарттарына айналды. Демек, бұл үрдіс әлем экономикасының тұрақсыз болашағын аңдататын маңызды белгі ретінде қабылдануы керек.

Айдаһарлар алтынды не үшін күзететінін енді жақсырақ түсінгендейміз...

Social Link

Follow Me On Social Media