Мен үшін Мәжілістің VIII шақырылымының орны бөлек. VIII шақырылым — «Жаңа Қазақстанның » тұлабойы тұңғышы.
Ол өткен отыз жылдықта кеткен ұпайды түгендеу үшін келгендерден құралған шақырылым. Барлық депутаттар болмаса да, біраз тұлғалардың осындай биік мақсатпен, Ұлы мұратпен сайлауға түсіп, додадан ұтып келгені белгілі.
Сол бөгенайы бөлек VIII шақырылым депутаттары кезекті сессияларырын аяқтап, өңірлердегі сайлушыларымен кездесуге аттанды.
Осы қарсаңда біз де журналист Серік Жолдасбай бауырымызға сұхбат беріп, Мәжіліс туралы сұрақтарға жауап берген болдық.
Сонымен, Мәжілістің VIII шақырылымы да көзді ашып-жұмғанша үш жылды артқа тастады. Мерзімінен бұрын тарап кетпесе, енді екі-ақ жылы қалды.
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ағамыз бір жылды қортындылап, баяндама жасады.
Дау жоқ, көп жұмыс атқарылған. Нәтижесі де жаман емес, жақсы. Өзім де үнемі байқап отырам, Ермұрат Бапи, Самат Мұсабаев, Еділ Жаңбыршин, Нұртай Сабилянов, Азат Перуашев, Әділ Жұбанов, Қазыбек Иса, Мұрат Әбенов, Ерболат Сатыбалдин, Ерлан Саиров, Абзал Құспан, Асхат Аймағамбетов, Бақытжан Базарбек, Елнұр Бейсенбаев, Мақсат Толықбай, Ринат Зайыт, Жанарбек Әшімжан, Батырхан Оңбаев бастаған бір топ депутат үш жыл бойы өте белсенділік танытты. Біраз депутаттар Мәжіліс тарихында аталмаған есімдерді атап, сындап бақты. Өз жандарынан шығарып, түзеткен немесе толықтырған нормалар да аз болмағанын көріп отырмыз.
Соның ішінде, Еділ Жаңбыршин ағамыз бастаған депутаттардың ықпалымен жаңа норма қабылданып, сол нормаға сай, бұдан былай «Самұрық-Қазына» ӘҚ-ы дивидендтерін Үкіметпен бөлісетін болды.
Бұны мен Мәжілістің бір ЖЕҢІСІ деп бағалаймын. Құтты болсын!
Бірақ, ЗОР ЖЕҢІСІ бұл емес!
Сондай-ақ, Қазыбек Иса бастаған депутаттардың бастамасымен қабылданған бір нормаға сай, енді Қазақстан азаматтығын аларда шетел азаматтары мемлекеттік тілден «емтихан тапсыратын» болды.
Қазыбек көкем қанша жалаулатқанымен, бұл енді түкке керегі жоқ, тек популистік ұранмен қабылданған норма.
Себебі, Қазақстан Республикасының Президенті белгілейтін тізбе бойынша кәсіптерге ие және талаптарға сай келетін адамдарға; этникалық қазақтарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар негізінде жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға құқығы бар адамдарға бұл норма қолданылмайды!
Қырғыз өз туысымыз ғой, орыс пен беларусьтен қазақ тілінен алуға жарамаса, онда ол норманың не қажеті бар?!
Иә, Мәжіліс болған соң, заң аясында мемлекеттің құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, қабылдау, тіркеу, қолданысқа енгізу, өзгерту, толықтыру, олардың қолданысын тоқтату, тоқтата тұру және оларды жариялау — оның күнделікті жұмысы.
Бірді-екілі депутаттың бірді-екілі заңға бірді-екілі жаңа норманы, Еділ Терекбайұлы құсап, табандап отырып енгізтіп, қабылдатып жіберуі — жай ғана қалыпты құбылыс.
Мен сөзімнің басында «БҰЛ ШАҚЫРЫЛЫМНЫҢ БӨГЕНАЙЫ БӨЛЕК» деген сөзді босқа айтқан жоқпын. Бұл шақырылым өткен отыз жылдықта тек бір топ адамның ғана мүддесі үшін жасалған схеманы түп-тамырымен талқандауы керек еді.
Ол — «Ұлттық кәсіпкерлер туралы» заңның күшін жойып, қолданыстағы заңдар мен нормативтік құжаттарды ҰКП-дан залалсыздандыру.
Өкінішке орай, міне, үш жыл өтті, депутаттар оның маңына да жолай алған жоқ. Көбінде, Мәжіліс төрінен ескі жүйені, оның құрушысы Нұрсұлтан Назарбаевты сынаудан арыға бара алмады.
Мен мына сұхбатымда да айттым, тағы қайталап айтайын, Назарбаев деген алып піл! «Ештемеден қамықпаймын, ештемеден жалықпаймын, ешқандай сөз маған да тимейді!» деп, Өзі айтқандай, Ол кісі ештемеден қаймықпайды екен. Әйтпесе, Нұрсұлтан Әбішұлы аз сыналып жатқан жоқ, халықтың бір бөлімі Ол кісіні қарғап-сілеумен келеді;
Мәжіліс төрінен Ермұрат Бапи ағам қанша мәрте сықпыртты.
Реті келгенде Қазыбек Иса да аянып қалған жоқ.
Төраға Ерлан Қошановтың өзі: «Отыз жыл бойы Қазақстанда суперпрезиденттік басқару формасы қолданылды. Алайда, уақыт өте келе, ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген модель үлкен саяси дағдарысқа алып келді. Бұған негізінен мемлекетімізге бір ғана адам үстемдік етіп, елдің бар байлығын санаулы адам иеленуі себеп болды. Бұл жайт қоғамның ашу-ызасын туғызды және елдің дамуын тежеді…», — деп қасқа маңдайдан қасқитып тұрып ұрды.
Тіпті, Президенттің өзі де: «Ашығын айту керек, ол отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып отырған кезде саяси сыпайылықты сақтай бермейтін…», — деп ашық сынаған жоқ па?!
Содан не шықты?
Түк те!
Назарбаев қаласа, Мәскеуге барады, қаласа Тәшкентке тартып кетеді. Кеше ғана жарқылдап Өзі салдырған Бас мешітте жүр. Жаны аман болса, Нұрекең әлі де алып піл құсап, мынау жалғанды жалпағынан баса бермек. Депутаттар шулап-шулап қала бермек…
Абай атамның сөзімен айтсақ, «Сен бұлқындың, ол кетті, Жан деген жоқ ол сені…» болып тұр ғой…
Иә, журналистер менен де үнемі сұрай береді, «Сіз неге Назарбаевты сынамайсыз?» деп. Шынымды айтсам, менің Крылов марқұм жазып кеткендей, пілге үрген қанден болғым келмейді. Депутаттардың да ондай болғанын қаламаймын…
Қысқасы, енді қалған екі жылда, қатты айтсам кешіріп қойсын, Мәжіліс мына түрлерімен Назарбаевтың бір тал қылшығын да қисайта алмасы анық. «Жаңа Қазақстан құрмыз» деп, арыстандай айбатпен келген депутаттардың алдының үміті үзіліп, торыға бастапты.
Бұл — әлсіздіктің, бас июдің белгісі. Негізі, өздерінің желге пышақ ала жүгіріп жүргендері болмаса, «Жаңа, Әділетті, Таза Қазақстан» құру — осы депутаттардың өздерінің қолында тұр.
Ескі биліктің ең жанды жері — «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заң. Сондықтан, Мәжіліс депутаттары ендігі қалған екі жылда анау желге ала жүгірген пышақтарын сол заңға сілтеп, Қасекеңнің — Қасым-Жомарт Кемелұлының барында қарпып қалуы керек!
Депутат ағайындар бар күшін соған салып, сол заңның күшін жойып, қолданыстағы заңдар мен нормативтік құжаттарды Ұлттық кәсіпкерлер палатасынан залалсыздандыра алса, онда VIII шақырылым — бүкіл Алаш жұртының алдында ЕҢ АБЫРОЙЛЫ шақырылым болып, тарихқа қалмақ. Қалғанының бәрі әдеттегі бос сөз — желге пышақ ала жүгіру…
Ауыт Мұқибек