What are you looking for?

Медицина мафиясының махинациясы: Депутат Бақытжан Базарбек неліктен МӘМС жүйесіне шүйлікті?

04.07.2025

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Базарбек елдегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін қатаң сынға алды. Massaget.tv арнасына берген эксклюзивті сұхбатында ол бұл саланы "медициналық мафия" деп атап, миллиардтаған қаржы айналымындағы былықтарды ашық әшкереледі.

"Кезінде Doing Business деген бағдарлама болды. Сол арқылы билікте отырған ағалар мен көкелер өз медициналық компанияларының мүддесін қорғап, министрліктердің бақылау және қадағалау функцияларын алып тастады. Мен өз басым ондай "Doing Business"-ке сенбеймін", – деді депутат.

Дәл осы реформалардан кейін Денсаулық сақтау министрлігі бақылау жүргізе алмайтын жағдайға тап болған. Депутаттың айтуынша, МӘМС қоры өз алдына бөлек құрылымға айналып, ешбір органға есеп бермейтін, заң мен ережелері мүдделі топқа ыңғайлы түрде жасалатын "монстрға" айналған.

"МӘМС-ті министрлік те, құқық қорғау органдары да тексере алмайды. Олар өздеріне өздері заң шығарып, ішкі ережелерін бекітеді. Ақша жинайды, есептейді, бағалайды, керек десеңіз – қалтасына да салады. Жоғары аудиторлық палатаның есебінде де: "МӘМС қорының бухгалтерлік жүйесі заң талаптарына сай емес" деп жазылған. Өйткені ол жерде түсіп жатқан қаржы емес, тек активтер ғана көрсетіледі. Бұл – қаражаттың заңсыз желінуіне жол ашады", – деді Базарбек.

Лицензиясы жоқ медициналық мекемелер туралы

МӘМС арқылы көптеген азаматтар ешқандай медициналық қызмет алмаса да, атынан жалған есеп жазылып, ақша игеріліп келген.

"Кейбір медициналық мекемелердің лицензиясы жоқ. Санитарлық талаптар мүлде сақталмайды. Бірақ айыппұл көлемі бар болғаны 80 мың теңге. Бұл – ашық заңбұзушылық. Біз осы олқылықтарды жою үшін бірқатар кодекске өзгерістер енгізіп, бақылау функциясын қайтардық. Енді лицензиясыз жұмыс істейтін мекемелердің қызметі мәжбүрлі түрде тоқтатылады", – деді ол.

Бақытжан Базарбектің айтуынша, адам өмірі мен денсаулығы – мемлекеттің басты құндылығы болуы тиіс. Бұл орайда депутат:

"Біздегі ең қымбат ресурс – мұнай мен газ, медициналық мафияның мүддесі емес, адам және оның өмірі мен бостандығы. МӘМС деген "монстр" енді жаңа заң аясында өзінің қаржы айналымы жөніндегі есепті министрлікке береді және интернет порталда есепті ашық түрде жариялауы тиіс", – деді.

Ешкімнің тісі бата алмайтын екінші мафия

Ол салада тек сақтандыру қоры емес, "СК-Фармация" компаниясының айналасында да мафиялық құрылымдар бар екенін алға тартты. Олар нарықты бөліске салып, қай дәрінің сұранысқа ие болатынын алдын-ала шешетін деңгейге дейін жеткен.

"Медициналық мафияның ішінде – медициналық ұйымдар, әлеуметтік сақтандыру қоры мен ондағы лауазымды тұлғалар бар. Ол тұлғалар осы МӘМС-ке жұмыс жасап, оларды үстінен қолпаштайды. Денсаулық сақтау министрлігі мен бұрынғы құқық қорғау органдарының қызметкерлері де бар. Антикор мен Қаржылық мониторинг агенттігі тексеру жүргізгенде, бұрынғы қызметкерлер таныстарын пайдаланып қылмыстық істің қозғалмауына әсер етіп отыр. Біз бәрін біліп отырмыз. Медициналық мафияның айналымында бірнеше триллон теңге бар. Осы триллион үшін олар кез келгеннің басын шауып тастауға дайын. Одан кейінгі қауіпті мафия – фармацевтикалық мафия. МӘМС-ке шамамыз жеткенімен, СК "Фармацияға" тісіміз батпай тұр. Олар нарықты өзара бөліп алған және кімнің дәрісі өтетінін Үкімет емес, өздері шешетін деңгейде. Жасанды кедергілер ұйымдастырылып, қолдану мерзімі өтіп кеткен дәрі-дәрмектер қайтадан дәріханаларда сатылымға шығарылады. Бұл жоғары аудиторлық палатаның қорытындысы және осы бойынша мен Бас прокуратураға екі арыз әзірлеп отырмын. Әр мафияның өзінің фамилиясы мен түрлері, нақты орындаушылары, құрылтайшылары, ұйымдастырушылары бар", — деп ашық мәлімдеме жасады депутат.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Үкімет сағатында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесін түбі тесік қайыққа теңеген. Наурыз айында Мәжіліс депутаттары Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) мәселелеріне қатысты заңнамалық түзетулер бойынша жұмысқа кірісті. Шілде айының басында Бақытжан Базарбек "СҚ-Фармация" ЖШС, Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы, Бірыңғай дистрибьютор және еліміздегі фармацевтикалық компаниялардың қызметіне қатысты Бас прокуратураға арыз түсірді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget

Social Link

Follow Me On Social Media