What are you looking for?

Антикор МӘМС қорындағы заңсыз схеманы әшкереледі

08.06.2025

Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет әлеуметтік маңызы жоғары салаларда жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жүйелі және дәйекті саясатты жалғастыруда, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Осы тұрғыда денсаулық сақтау жүйесі – сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ең осал салалардың бірі ретінде қоғам назарында болып отыр. Соңғы үш жылда бұл салада 134 қылмыстық құқық бұзушылық тіркеліп, олардың нәтижесінде 57 адам сотталған.

Лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері азаматтардың сенімін әлсіретіп қана қоймай, медициналық қызметтердің сапасына кері әсерін тигізіп, мемлекеттік қаражаттың мақсатсыз жұмсалуына алып келеді.

2025 жылдың маусым айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің орталық аппараты мен Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті жоғары лауазымды тұлғалар қатысқан жемқорлық схеманы әшкереледі.

Атап айтқанда, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары күдікке ілінді. Ол медициналық қызметтер көрсетуге бөлінген 400 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқырды деген күдікке алынды.

Қаражатты жымқыру «Damumed» ақпараттық жүйесіне жалған мәліметтер енгізу арқылы жүзеге асырылған. МӘМС жүйесі аясында Өскемен қаласының тұрғындарына көрсетілді делінген, бірақ нақты орындалмаған медициналық қызметтерге қатысты 30 мыңнан астам жалған жазба анықталған.

Сонымен қатар, күдікті жеке медициналық ұйымның кәсіпкерлік қызметіне заңсыз араласқан. Ол жымқырылған қаражатты қымбат мүлік сатып алу арқылы заңдастырған деген де күдік бар.

Қазіргі таңда күдікті сот санкциясымен қамауға алынған. Тергеу амалдары жалғасуда. Шенеуніктің және өзге де тұлғалардың басқа да қылмыстық эпизодтарға қатысы тексеріліп жатыр.

ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Сондай-ақ, ҚР Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, соттың заңды күшіне енген үкімі шыққанға дейін әр адам кінәсіз деп есептеледі.

Егер сіз өз келісіміңізсіз медициналық қызмет көрсету мақсатында жеке деректеріңізді заңсыз пайдаланғаны туралы білсеңіз, 1424 нөміріне хабарласып, Call-орталыққа мәлімет беруіңізді сұраймыз.

Social Link

Follow Me On Social Media