Қазақстандағы негізгі қазба байлықтардың қоры әлі кемінде 40 жылға жетеді. Бұл туралы Massaget.tv арнасына берген сұхбатында Геология комитетінің төрағасы Ерлан Ақпаров мәлім етті.
Оның айтуынша, қазіргі таңда мемлекеттік қорда 103 қазба байлық тіркелген. Оның ішінде сирек кездесетін элементтер де бар.
"Әлемдік қазба байлыққа бай елдердің қорға қатысты өздерінің мөлшері болады. Әлемдік тәжірибе бойынша кез келген елдің бір қазба байлықпен қамтамасыз ету уақыты 40 жылдан асуы керек. Біздің мұнайдың да 40 жылғы әлеуеті бар. Біздің көптеген қорымыз – Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз кен орындарына байланысты. Мұнай бойынша 40 жыл, алтын бойынша 30 жылға жетеді, мыс бойынша – 40 жыл. Негізгі қазба байлықтар бойынша 40 жылдық қорымыз бар", – деді комитет басшысы.
Алайда тәуелсіздік алғалы бері елімізде ірі кен орындары ашылмаған.
"Бұл қазба байлықтарды алдыңғы буын геологтарымыз Кеңес кезеңінде ашқан. Қазір біз өте күрделі, тереңде жатқан кен орындарын іздеуіміз керек. Өйткені Кеңес үкіметі кезінде Қазақстан аумағында 84 барлау экспедициясы жүргізілген. Жыл сайын аз да болсын кіші және орташа кен орындары қорға қойылып жатыр. 2018 жылы жер қойнауын пайдалану бойынша кодекске өзгерістер енгізіліп, бірқатар әкімшілік шектеулер алынып тасталды. Қазірдің өзінде Қазақстан бойынша барлауға 3000 аса лицензия берілді. Қорды көбейту барлау бойынша отандық көптеген компанияларға мүмкіндік беріліп жатыр, шетелдің 20-дан аса алпауыт компаниялар бар", – дейді Ерлан Ақпаров.
Ол сонымен қатар елімізде стратегиялық маңызы бар үш түрлі қазба байлық барын атап өтті.
"Заңнамамызға сәйкес уран стратегиялық қазба байлыққа жатады. Одан кейін мұнай мен газ кен орындары стратегиялық нысан болып табылады", – деп түйіндеді комитет төрағасы.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!