Белгілі заңгер Айгүл Орынбек Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында қайырымдылық қорларының жауапкершілігін күшейту үшін заңға тиісті өзгертулер енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
− Қазіргі таңда мемлекетімізде түрлі қайырымдылық қорлары көбейіп кетті. Қайда барсаң да, ақша жинап жүрген қорлар мен олардың ел танымайтын мүшелері мен басшыларын көресің. Өкінішке қарай, қайырымдылық қорларының атын жамылғандардың барлығы адал жолмен жүріп, шынайы мақсаттарға қызмет етіп жатыр деп айта алмаймын. Осы ретте тағы мына бір күдікті жайтқа тоқталғым келеді. Мысалы жай ғана Kaspi қосымшасында 358 қайырымдылық қоры халықтан электронды түрде жылу жинау үшін тіркелген. Таңданатынымыз сол, бұл қорлардың кейбірі қандай мақсатта, не үшін құрылғаны белгісіз. Басшылары да көрсетілмеген, − деді А. Орынбек.
Заңгер кейбір қорлардың атқарған жұмысы жайлы еш дерек таппағанын айтты. Ал дүкендер мен сауда сөрелеріндегі қайырымдылық үшін қойылған жәшіктердің санын тіпті белгісіз – күн санап көбейіп жатыр. Бірақ ол ақшаның да сұрауы жоқ.
− Елімізде күдік тудыратын күмәнді қорлар арандатушылар мен радикал топтарды қаржыландыруы мүмкін деген оймен мемлекетіміздің болашағына, қауіпсіздігіне алаңдаймын. Бұл шұғыл шешуді қажет ететін ең басты мәселе. Сондықтан қор жұмыстарының жауапкершілігін күшейту мақсатында заңға тиісті өзгертулер енгізу туралы тапсырма беруіңізді сұраймын, − деді ол.