Наурыз қамал айының ескіше санағанда басы. Он төрті — қазіргі уақытпен бірі болып есептеледі. Наурыздың он төртінде күн мен түн теңеледі. Әсіресе, еліміздің батыс өлкесінде бағзы заманнан бері бұл күн «Жаңа жыл» деп аталады.
Адамдар бір-бірімен қауышады, көріседі. Наурыз көже пісіреді. Әйтеуір, бұл күн сән-салтанат, қуанышты, берекелі, мерекелі күн. Оның да дәлелі бар. Қарттардың айтуынша, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыз хижра жыл санауымен есептегенде 622 жылы шілде айының 16-жұлдызына қараған (сенбіге қараған) түні Меккеден Мәдинаға көшкен. Сол күннен бастап, жыл санауға Хижра күнтізбесі енгізіліп, григориан күнтізбесінің 622 жылы хижраның бірінші жылы болып саналыпты дейді. Пайғамбарымыз Мәдинаға орналасқан соң наурыздың бірі – бізше он төрті, сол күнді пайғамбар «Қасиетті наурыз күн» деп атаған дейді. Өйткені, дәл осы күні таңда – Жер-Ана оянады. Сонымен бірге, жан-жануар, жәндіктер қысқы ұйқысынан оянып, тіршілігін бастайды. Күн жылынып, тоң жібиді. Күн ұзарып, түн қысқара береді. Қазақта бұл күндерді «Ұзын сары» деп атайды.
Наурыздың (парсыша «Нау» жаңа, «Ру» күн) деуі, яғни «Жаңа жыл». «Бұл күні таңда күн мен түн теңесіп, бір-біріне тағзым етеді», дейді халық даналығы. Наурызда – үйеңкі мен қайың бойына шырын жүгіреді. Алғашқы рет күн күркірейді. Бұлт жоғарылап, тез көшеді. Күн көзі сәулесін қара жерге молынан түсіреді. Жел құбыла беттен шығып, жерді тез кептіруге қам жасайды.
Астрономиялық яғни ғылыми тұрғыдан да қарасақ көктем 93 (тоқсан үш) күн, наурыздың он төртінен маусым (саратанның) он төртінші жұлдызына дейін. Бұл – жер шары орбитасының күн мен түннің теңелу нүктесінен жазғы күнгі тежелу нүктесіне дейінгі уақыт аралығы. Күн жылынып қар кетеді, тоң жарылып, жібіп жоқ болады, ағаштар бүршік жарады, жер көктей бастайды, яғни шөптің көгі қылтиып, мал тісіне ілігіп, «жалама көк» пайда болады. Меніңше, көктем атауы – осы сәттен шыққан ғой деп ойлауға негіз бар.
Жыл басы көптеген мұсылман елдерінде Наурыз айынан басталатынын сөз еттік. Ал нақты астрономиялық жылдың ұзақтығы әр кезде әртүрлі тұрақсыз, бүтін сандармен өлшеуге келмейді. Шамамен алғанда, бір жылда 365,24 тәулік, немесе 365 тәулік 6 сағат бар. Тәуліктің ширек бөлшегін әр жыл күнтізбесіне қосып айтуға да, есептеуге ыңғайсыз болғандықтан, ширектің төрт жылда бір тәуліктің мезгіл құрайтынын есептеліп, төрттің алдыңғы 365 тұратын үш жылы – жәй жыл, 366 тәуліктен тұратын соңғы жылы Кібісе жыл атанғаны белгілі. Осыны ескере отырып, қазақтың шежірелі есепшілері әр дәуірде түрлі наурыз күн қайыру жүйесін ойлап тапқан. Олар үшеу: Қарт наурыз жүйесі – Наурыз айының бірінші жұлдызынан басталатын жыл санау, Байбақты Қазыбек жүйесі – Наурыздың тоғызыншы, оныншы жұлдызынан басталатын жыл санау, Жас наурыз жүйесі – наурыз айының 22-жұлдызынан басталатын жыл санау.
Бала кезімізде егде кісілердің әңгімесін тыңдауға тым құмар едім. Тіпті тырп етпей солардың арасында отыра беретінімді айтсайшы. Қыз бала деп оларда онша көңіл аудармайды. Бірде үйге үш-төрт жастары егде тартқан кісілер келді. Ішінде Дінқуат атам бар. Дастархан жайылды. Шай ішілді, әлі әңгіме жоқ, аузымды ашып мен отырмын. Содан сәлден кейін әкем Өтеғали:
– Оу, әңгіме айтсаңдаршы, қызым шаршады ғой, ауыздарыңа қарап, – деп дауыстаңқырап күліп еді, мәссаған, мен танымайтын сақалды, ірі кісі әңгімені бастап кеп жіберді.
– Ұмытпасам, 1921-жылдың жазы ғой деймін. Қыста қар болар-болмас жауды. Жазында жаңбыр жоқ, жер қурап, шөп біткен мүлдем сарғайып, сынып кетті.
– Апырай, сол жиырма бірдің жазы мен қысында ғой, жұт болып, адайлардың таяқ ұстап қалатыны, – деді шағын денелі қарт асығыстау үн қатып.
– Иә, иә, сол жылдары ғой, содан қарттар жиналып, айғыр шағылдың басына садақа беріп, тайөгіз шалды, дым тамбады. Үш күннен кейін әкем марқұм құнан өгіз шалып, Алладан жаңбыр сұрады, дым жоқ, тамшы тамбады. Мен онда бозбаламын. Өгіздің етін жиналғандарға үлестіремін. Жұрт сасайын деді. Содан үш күннен кейін тағы да жиналып бас қосты, ақылдасты.
– Енді не істейміз, Жаратушы Жаббар Иеге жалынып тағы да мал шалайық! Тіпті, мына аңызақ діңкемізді құртып, демалдырмайтын болды-ау! Түнімен ұйықтай алмай шықтым. Бәрінен бұрын жас балдарға обал болатын түрі бар, – деп ренжи сөйледі Нұғыман:
– Осы бар ғой, биыл кібісе жылдың кірісі, сол жылға арнап дұға етейік, сосын малды бауыздарда алдымен жылға, сосын жаратушы Иеме де дұға оқимыз ғой! Мен де қысыр сиыр бар, несіне бұқпақтаймын, алатын да, беретін де бір Алла ғой, – деді мына отырған Дінқуат деп сақалды кісі атамды саусағымен түртті.
– Апырай, сен де ұмытпайды екенсің, – деп атам қозғалақтап қойды. Мен аңқиып атама қараймын. Сірә, бұл несі, енді не болар екен? – деп ойладым ғой деймін, бірақ орнымнан қозғалғаным жоқ.
– Содан не бастарыңды ауыртайын, сәскеде садақа берілді. Түс қайта Алланың бұйрығы шығар, жаңбыр шелектеп құйды ғой. Үш тәуліктей жауған жауыннан құмның жиегіне қақ тұрып, Жарыпшыққанның суы көтеріліп, ал Ойыл өзенінің суы ағыл-тегіл боп, тіпті Саркөлге құйып кетіпті ғой, – дей берген сақалды кісіге әкем:
– Үлкен тағам әзір екен, қолға су құяйық, әңгімені сосын жалғастырармыз, күн де, түн де өзіміздікі емес пе! –деді. Ал мен орнымнан қозғалмай отыра бердім.
Менің білетінім, ақын-жырау Айтмағамбеттің «Наурыздағы той», «Кібісе жылғы Ай», «Сандалкөк» атты дастан–поэмалары болғанын әкем Өтеғалидан да, атам Дінқуаттан да, мұғалім Ғаббас ағайдан да естідім. «Сандалкөк» дастанының екі шумағы былай, мұны анам айтушы еді:
… Сандалкөгім тыпыршып, осқырынды,
Қою бұлттар түнеріп басты күнді.
Жау келіп қалды, жау келді, деген айқай,
Апырай, ә, көш жерден естілінді.
Назым сұлу мінді де арғымаққа,
Дүбірлете жөнелді Жарлы жаққа.
Әп-сәтте көзден ғайып болып кетті,
Шамамен барып қалды-ау, Орбұлаққа…
«Ұлыстың ұлы күні» тақырыбымды кеңірек қамтуды ойладым да, жанама оқиға – сөздерді кірістірдім. Тағы да бір-екі ауыз сөз ертеде, ғылым-техника дамымаған заманда, Құдайдан өзге сенері жоқ халық – қоршаған ортаның қилы-қилы жағдайына сәйкестіре көп ізденіп, тиісті харакет жасаған. Ғасырлар бойы ауа-райы құбылыстарын болжап, алдын-ала қамданудың жүйесін жасақтауға, соны тәжірибеге айналдыруға нақтылы ой шеңберін, іс шеңберін құрған. Әрине, бұл бөлек, әрі мазмұнды әңгіме.
Айгүл Ермекова,
Филология ғылымдарының кандидаты,
Геральдикалық ғылыми-зерттеу орталығының бас маманы.