Allianz компаниясы жариялаған Жаһандық зейнетақы есебінде Қазақстанның зейнетақы жүйесі 71 елдің ішінде 26-орынды иеленді.
Бұл өткен жылғы 34-орынмен салыстырғанда айтарлықтай ілгерілеу. Қазақстан Австрия, Испания, Чили, Сингапур, Гонконг және Қытай сияқты елдерден озып шықты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Allianz зейнетақы индексі (API) елдердің зейнетақы жүйесін үш негізгі көрсеткіш бойынша бағалайды. Қазақстанның жалпы нәтижесі – 3,5 балл:
- Демографиялық өзгерістер, мемлекеттік қарыз және өмір сүру деңгейі – 4,1 балл (2023 жылы – 3,5).
- Зейнетақы жүйесінің тұрақтылығы – 3,6 балл (өзгеріссіз).
- Зейнетақы жүйесінің жеткіліктілігі – 3,2 балл (2023 жылы – 3,3).
Дүниежүзі елдерінің орташа көрсеткіші – 3,7 балл. Рейтинг көшбасшылары: Дания (2,3 балл), Нидерланды мен Швеция (2,6 балл), Жапония (2,7 балл), Жаңа Зеландия (2,8 балл) және Израиль (3 балл). Ал тізімнің соңында Марокко, Үндістан, Лаос, Малайзия және Шри-Ланка тұр (4,5-5 балл аралығы). Бұл елдерде зейнетақымен қамту деңгейі төмен, себебі бейресми жұмыспен қамту үлесі жоғары.
Allianz баяндамасында халықтың қартаю мәселесіне ерекше назар аударылған. БҰҰ болжамы бойынша, 2050 жылға қарай 65 жастан асқан адамдар саны 857 миллионнан 1,578 миллиардқа дейін өседі. Осыған байланысты демографиялық жүктеме коэффициенті де 16-дан 26-ға артады (100 еңбекке жарамды азаматқа шаққанда). Ең жылдам қартаю байқалатын елдер қатарында Гонконг, Оңтүстік Корея, Тайвань және Сауд Арабиясы бар.
Сарапшылар зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін жинақтаушы тетіктерді дамыту қажеттігін атап өтті. Мемлекеттік және жеке жинақтаушы жүйелердің үйлесімі демографиялық өзгерістердің әсерін азайтуға мүмкіндік береді.
Зейнетақының орташа кірісті алмастыру коэффициенті (КАК) зерттелген елдер бойынша 53%-ды, ал Қазақстанда 41%-ды құрайды. Allianz есебі зейнетақы жүйесін реформалау кезінде тұрақтылық пен жеткіліктілік арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды екенін атап көрсетеді.