What are you looking for?

Алматыда "Түбі бір түркі әдебиеті" атты дөңгелек үстел өтті

17.03.2025

Бүгін, 2025 жылы 17 наурызда қазақ-өзбек қаламгерлері әдеби байланысты нығайту мәселесін талқылады. Келелі жиынға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Өзбекстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Минходжиддин Хожиматов та қатысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесудің негізгі тақырыбы – әдеби байланысты нығайту және әдебиеттің оқырмандарға ықпалы. Қазақ пен өзбек халқының әдебиеті мен мәдениеті терең тарихи және рухани байланысқа ие екені баршаға мәлім. Бұл жақындықтың қайнар бастауы ортақ түркілікте жатқаны белгілі. Қазіргі уақытта да бұл үрдіс жалғасуда. Қазақ пен өзбек әдебиетінің жаңа буын өкілдері шығармаларын бір-біріне аударып, әдеби байланыстарды нығайтуда.

Өзбекстаннан келген делегация ҚР Ұлттық кітапханасын аралады. Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінде арнайы көрме ұйымдастырылып, қонақтар қорда сақталған бірегей мұралармен танысты. Олардың қатарында XVIII ғасырдағы Құран, Қожа Ахмет Ясауидің "Рисала" (XVI ғ.), "Диуани Хикмет" (XIX ғ.), "Хикмет Хазретиі" (XVIII ғ.), сондай-ақ оның ата-тегі туралы тарихи шежіре "Насабнама" (XVII ғ.) және шәкірті Сүлеймен Бақырғанидың "Хикметтері" бар.

Сонымен қатар шығыс әдебиетінің жауһарлары – Низами Гәнжауидің "Хамса" (XV ғ.), Әлішер Науаидің "Диуаны" (XVII ғ.), Әбілқасым Фирдоусидің "Шаһнамасы" (XVIII ғ.) да ерекше назарға ілікті.

Іс-шара аясында Өзбекстанның әдебиеті мен мәдениетіне арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Өзбекстан Республикасынан келген делегация құрамы мен қазақ қаламгерлері қазақтың бас ақыны Абайдың ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар, академик, классик жазушы Мұхтар Әуезовтің музей-үйіне барып, тарихи жәдігерлермен танысты.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістанда Қазақстан мен Өзбекстанның белсенді жастарының қатысуымен "Достық көпірі" форумы өткен болатын. Форумда жұмысшы мамандықтарды насихаттау және еңбек нарығына жасанды интеллекттің әсері секілді мәселелер талқыланды.

Social Link

Follow Me On Social Media