Оның компаниясы енді Оңтүстік Африкадағы зауыттарын құтқару үшін жанталаса ақша іздеуде .
Дүниежүзіндегі ең ірі металлургиялық компаниялардың бірі қауқарсыз жағдайға жетіп, Оңтүстік Африка Республикасындағы комбинаттарын құтқарып қалу үшін қаражат іздеп жатыр. Бұл туралы Sunday Times хабарлады.
"AMSA ақша мен концессияға мұқтаж. DTIC және IDC-мен арада сұрыпты илем өндіретін комбинаттарды сақтап қалуға бағытталған соңғы келіссөздер жүруде. Компанияның ғана емес, бүкіл елдің де жағдайы көбіне соған тәуелді болмақ. Проблемалы өндірушіге айналған ArcelorMittal South Africa (AMSA) кәсіпорындарын сақтап қалу бағытында жанкешті талаптар қабылданып жатыр", – деп хабарлады аталған газеттің жергілікті аға тілшісі Динео Факу (Dineo Faku).
Ал, Business Times нақтылауынша, келіссөздер жарға жығылса, қаражат табылмаса, 3 500 жұмыс орнына қауіп төнуі мүмкін. Оған жеткізбеу үшін Ференигинг пен Ньюкаслдегі зауыттарын құтқару жолдарын табуы қажет.
Bloomberg хабарлауынша, ArcelorMittal South Africa Ltd. (AMSA) 3,1 миллиард ранд (170 миллион доллар) табуы қажет, сонда ғана елдегі болат балқытушы зауыттарын жабудан аман алып қала алады.
Бұл компанияның акцияларының 6,4%-ы Industrial Development Corp. ұлттық қаржы мекемесіне тиесілі. Егер ол қаржы бөлсе, онда оның зауыттарының толығымен қаңтарылып тұрып қалуының алдын алуға көмектеседі. Өйткені сортты прокат өндіретін металлургиялық зауыттарды жабу биылғы ІІ-ші тоқсанға жоспарланған көрінеді.
Алдымен компания Ференигинг пен Ньюкаслдегі зауыттарын биылғы қаңтар айының соңында жаппақ болды. Алайда бұрын қабылдаған тапсырыстарын тегіс орындап болу үшін бұл істі кейінге қалдырды.
Блумберг компанияны құтқару туралы ОАР Үкіметімен келіссөздер нәтиже бермегенін мәлім етті. Оның үстіне осы республикадағы тарифтері шектен тыс қымбаттап кеткен электр қуатына, сондай-ақ көлікке деген шығындары да күрт өсіп, компанияның көрсеткіштерін тіптен нашарлатқан.
Сондай-ақ, импорттаудың, сұрыпты илекті шетелден, Қытайдан тасымалдаудың арзанға түсуі де қосымша соққы болды.
AMSA жергілікті Үкіметтің антимонополиялық заңнаманы жұмсартуын қалады. Бұл оған шағын компанияларды "жұтып" қоюына мүмкіндік беретін еді. Сонымен қатар, мемлекеттік Eskom Holdings SOC Ltd. компаниясынан алатын электр қуатының бағасын төмендетуге қол жеткізетін еді.
Бұған қоса, AMSA Жұмыссыздық жөніндегі сақтандыру қорына жүгінді. Компания қордан зауыттардың дағдаруынан зардап шеккен 3 500 жұмысшының жалақыларын ішінара өтеуін өтінді. Sunday Times дерегінше, бұған шамамен 2 миллиард ранд ақша қажет болады.
Өз кезегінде Үкімет ArcelorMittal South Africa-ға зауыттарының жұмысын қолдау үшін 380 млн ранд қана ұсынды. Егер көбірек қаржы түссе, Ньюкаслдағы зауыты тағы бір жыл жұмыс істей алар еді.
Metalinfo басылымы ArcelorMittal South Africa – миллиардер Лакшми Митталдың ArcelorMittal трансұлттық тобының оңтүстікафрикалық бөлімшесі екенін еске салды.
"AMSA Newcastle және Vereeniging зауыттарындағы сұрыпты илем өндірісін тоқтататынын жариялады. Сондай-ақ, ол ArcelorMittal Rail&Structures еншілес компаниясының өндірістік алаңдары да жұмысын доғаратынын мәлімдеді. Өндірісті тоқтату процесі 2025 жылдың ІІ-ші тоқсанына дейін созылады. Өнімнің соңғы партиясын жүктеп тиеу сәуірде күтілуде. Мұндай шешім қабылдауға ArcelorMittal бөлімшесі бастан өткеріп жатқан қаржылық қиындықтар себепкер болды. Проблемалардың туындауына негізінен, метал сынығының экспортына енгізілген салық, ОАР-дағы болат өнімдерінің бағасын мемлекеттік реттеу жүйесі ықпал етті", – деп жазды басылым.
Сарапшылардың түсіндіруінше, Оңтүстік Африка Республикасы елден метал сынықтарын (металлолом) шетелге шығаруға тыйым салды.
Осының арқасында бұл шикізат күрт арзандады. Содан жергілікті шағын кәсіпорындар электр доғалы пештерде метал сынықтарын балқыту алқылы қажетті өнімді анағұрлым арзан әрі көп көлемде шығарады.
Ал, ArcelorMittal South Africa-ның ескі, алпауыт зауыттары болатты домендік-конвертерлік технологиямен балқытады. Тиісінше, ғаламат көлемде аса қымбат электр энергиясын тұтынады.
Айта кету керек, кезінде дүниежүзілік рейтингтерде үнділік Лакшми Митталды "қазақстандық миллиардер" деп жазып жүрді.
Forbes та оны әр жылдары "Қазақстанның ең бай, ықпалды 50 бизнесмені рейтингтеріне" қосатын.
"Қазақстандық жобалары Митталға Forbes-тың әлемдік рейтингіндегі 6-шы тұғырға шығуына көмектесті. 2011 жылы оның ауқаты 31,1 миллиард долларға жетті. Лакшми Миттал бүкіл әлемге аса ірі металлургиялық империяның қожайыны ретінде танылды. Қазақстандағы оның басты активі – Теміртаудағы "Қарағанды металлургиялық комбинаты" (АрселорМиттал Теміртау). Бұдан бөлек, Миттал мұнай өндірісіне инвестиция салды. Каспийдің қазақстандық секторында Mittal Investments құрған бірнеше бірлескен кәсіпорын кен орындарын игеруде", – деп жазды сонда Forbes басылымы.
Осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын, 2023 жылғы 8 желтоқсанда Лакшми Митталдың Қазақстандағы дәуірі аяқталды. Еуразиялық континенттегі ең бір ірі отандық өнеркәсіптік агломерат алдымен инвесторын, содан соң атауын өзгертті. Бүгінде "қазақстандық магнитка" Qarmet деп аталады.
Ақпарат құралдары жаңа инвесторға авариялық жағдайға жеткен цехтар мен апат болған шахталар, жемқорлық, қылмыс пен өндірістің құлдырауы мұраға қалғанын жазды.
"Инвестор тапқан табысын тек қалтаға басқанды жөн көрді. Еңбек қауіпсіздігі, экология, өндірісті жаңғырту сияқты маңызды мәселелерге мүлде назар аударылмады. Мұндай жағдайға бәріміз куә болдық. Сондықтан менің тапсырмаммен Қарағанды комбинаты ұлттық инвесторға берілді", – деді Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Ulysmedia.kz жазуынша, Қазақстанды тастап шыққан ArcelorMittal басшылығы артына 300 миллион доллар қарыз қалдырды. Бұдан өзге, мердігер ұйымдары алдындағы берешегі қалды. Ақысы алдын ала төленген 70 мың тонна болатты тиеп жіберу міндеттемесін орындамаған. Оның қоймаларынан 46 мың тонна метал сынығы ізімғайым жоғалып кеткен. 5 шахтасы істен шыққаны, шикізаттың тапшы екені әшкереленді.
Сондай-ақ, 35 мың жұмысшыдан тұратын ұжымға соңғы ай үшін жалақы төлеуді бұрынғы қожайындары "тарс" естен шығарыпты. Жұмыскерлермен есептесу, жалпы сомасы 5 миллиард теңгеден асып кеткен сақтандыру төлемдері бойынша қарызды "жабу" жаңа иесінің мойнына жүктелді.
Комбинаттағы және оның еншілес ұйымдарындағы тонауды да тоқтату қажет болды. Жаңа басшылық кәсіпорындарды бірден бірнеше ұйымдасқан қылмыстық топ тонап жатқанын жасырмады. Тергеу материалдары бойынша 60-тан астам қылмыстық іс қозғалған.
Айта кету керек, кезінде Лакшми Митталдың атағы "жер жарып" тұрды. Мысалы, 2004 жылғы маусымда ол жалғыз қызы Ваниши Митталдың Амит Бхатиаға ұзату тойын дүркіретіп өткізді. Сол заманда жаһандағы ең қымбат думанға айналған тойға магнат 60 миллион доллар (қазіргі бағаммен 100,5 миллион доллар) шығындады.
Енді ше? Биылғы "Forbes 2025" жаһандық рейтингінде басынан бағы тая бастаған үнділік миллиардер Лакшми Миттал әлемдегі ең ауқатты тұлғалардың ТОР-100 тізіміне де кірмей қалды.
Бұл рейтингті 100-ші орында 18,9 млрд доллар байлығы бар америкалық Дональд Брен (Donald Bren) тұйықтады. Демек, сарапшылардың бағалауынша, Митталдың әлемде қалған барлық активтері бұдан да аз.