Бұл туралы депутат Ринат Зайытов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын іске асыру – мемлекеттік құрылыстың жаңа тарихи кезеңіне арналған Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп жазады Egemen.kz.
Депутат бүгінгі келелі жиын үш жылдықтағы саяси реформалардың аралық нәтижесіне арналып отырғанын еске салып, халық қалаулыларының жасағанынан алда жасайтыны көбірек екенін айтты.
Ұлы жетістіктерге бара жатқанымыз анық. Бұл – тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси институттарға, ойы бөлек азаматтарға деген сенімінің арқасы. Менің күнделікті жұмысқа келетін сапарымдағы
әр қадамым аяғымды еріксіз дірілдетеді. Өйткені күнделікті Мәжіліске жұмысқа келе жатқан әр депутаттың әр қадамында халықтың үміті, халықтың аманаты және халықтың тағдыры бар.Қазақ үшін қашаннан да бері елдің аманаты мен сенімінен ауыр жүк жоқ. «Дөп» бассаң – ел үмітін ақтаған ерсің, «қалт» бассаң – жаудан бетер езсің!, деді Зайытов.
Депутаттың айтуынша, парламент халыққа ашық түрде жұмыс істеп жатыр.
Мәжілісте апта сайын сауал жолдап, үкімет мүшелерін сұрақтың астына алып жатқан депуттарға қарап халықтың ойындағы өшкен үміт қайта тірілді. Көтерілмей қалған мәселе, айтылмай қалған ой жоқ. Осылайша, қоғамды толғандыратын көптеген мәселе шешімін тауып, елдің іргесі беки түсті. Әрбір игі іс жүзеге асқан сайын халықтың билікке деген сенімі артып келеді. Халықтың үні, тағдыры мен болашағы, өмірі мен өзегі, ол – Парламент, — деді мәжілісмен.
Сондай-ақ ол елдің тек жеткен жетістіктеріне емес, 30 жылда кеткен кемістіктерге де тоқталып, қоғамның рухани дағдарысқа ұшырап жатқанын алға тартты.
Өкінішке қарай, қазіргі қазақ қоғамы өте үлкен жылдамдықпен рухани дағдарысқа ұшырап барады. Күн сайын еліміздің әр түпкірінде бір отбасы бұзылып, бір оқушы зәбір көріп, бір адам кісі қолынан қаза тауып, біреу пара алып, біреу өзіне қол жұмсап, біреу алаяққа жем болып жатады. Мұндай мысалдар таусылмайды. Бүгінгі қазақ қоғамы туғанға тасбауыр, жақынға жау, досына дұшпан болып кетті. Қоғамның қатыгез бола бастауына не себеп болды десеңіздер, бірден жауап беру қиын. Өйткені оның себебі біреу емес. Тұрмыстағы таршылық, тәрбиенің жоқтығы, жеткіншектерге үлгі болатын тұлғалардың құбыжыққа айналуы, материалды байлықтың бірінші орынға шығуы, әлеуметтік желідегі белгілі тұлғалардан бастап әртүрлі дін мен ұлт өкілдерінің өзара ашық соғысы, т.с.с. осының бәрі адамның рухани тозып, қатыгез болуына әкеліп соғып жатыр, дейді Ринат Зайытов.