What are you looking for?

"Мәжіліс неге ұсақ-түйек мәселені қозғайды?" Ринат Зайытов депутаттарға айтылатын сынға жауап берді

19.03.2025

Депутаттың айтуынша, мемлекетте болып жатқан өзгерістерді "көрмес" қана байқамайды.

Ринат Зайытов халықтың депутаттарға тағатын сынына жауап берді. Оның айтуынша, қазіргі депутаттар ел болашағына қызмет ететін заңдар қабылдап, халықтың сенімін қайта оятуға үлес қосып жатыр.

"Менің күнде жұмысқа келетін жолым аяғымды еріксіз дірілдетеді. Өйткені күнделікті Мәжіліске жұмысқа келе жатқан әр депутаттың әр қадамында халықтың үміті, халықтың аманаты және халықтың тағдыры бар. Түсіне білген адамға елдің аманаты мен сенімінен ауыр жүк жоқ. Дөп бассаң – үмітін ақтаған ерсің, қалт бассаң – жаудан бетер езсің. Кейде көтерген сұрағыңа орынсыз сын тағып, "Осы мәселе сендер қозғайтын тақырып па?", "Мынаны президент неге айтты?", "Неге жоғарыдағылар ұсақ-түйек мәселелерді қозғайды?" деп жатады. Өз басым бұл сынмен келіспеймін. Себебі, біз бір мемлекетпіз, сондықтан ұсақ-ірі демей, барлық мәселеге бірдей жұмылуымыз керек. Шалғайда жатқан бір ауылда кішкентай баланың тісі ауырса, оған облыстағы әкімнің басы, Астанадағы министрдің жүрегі ауыруы керек. Жұмыла көтерсек қана, жүгіміз жеңілдейді", – деді депутат.

Ринат Заитов Мәжіліс қоғам қызығын көретін заңдар шығарып жатқанын алға тартты.

"Құдайға шүкір, Мәжіліске келген уақыттан бері қадамымыз нықталып, бойымыз шынығып келе жатыр. Себебі Мәжілістің бүгінгі құрамы қазақтың ертеңіне жарайтын, кейінгі буын ұқсата білсе, одан да арғы ұрпақ та қызығын көретін заңдар шығарып жатыр деп айта аламын. Иә, мақтанатын да, ақталатын да, алда атқаратын да жұмыс көп. Дегенмен, беталысымыз жаман емес. Бүгінде мемлекетте болып жатқан өзгерістерді "көрмес" қана байқамайды, – деді ол.


Оқи отырыңыз: Мұғалімдердің жалақысы үш есе өсті – мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов


Сондай-ақ, депутат Мәжіліс қабырғасында апта сайын өткір сауалдар қойылып, өзекті мәселелер талқыланатынын айтты.

"Бұрын ел арасында, көшеде ғана айтылып, ұзаса бірер ереуілменен амалсыз басылып қалатын халықтың үні бүгінде төрге жетті. Елдің көкейінде жүрген түйткілдің бәрін осында қоғам белсенділерімен, сарапшылармен бірге бүкпесіз талқылаймыз. Парламент халыққа ашық түрде жұмыс істеп жатыр. Көтерілмей қалған мәселе, айтылмай қалған ой жоқ", – деп түйіндеді Ринат Зайытов.

Social Link

Follow Me On Social Media