Астанада жастар жоқ ВИП көлік нөмірлерін TikTok арқылы сатты, деп хабарлайды Zakon.kz.
19 наурызда елордалық полиция департаменті хабарлағандай, полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 19 жастағы екі күдіктіні анықтады.
"Олар TikTok әлеуметтік желісінде тікелей эфирде өздерін шенеунік ретінде таныстырып, азаматтарды Қазақстанның кез келген қаласында VIP мемлекеттік нөмірлерін жылдам әрі арзан тіркеуге уәде беріп отырған. Қылмыскерлер алдын ала төлемді талап етіп, ақшаны алғаннан кейін байланысын тоқтатқан. Жастар ұрланған қаражатты жеке қажеттіліктеріне жұмсағаны белгілі болды", – деді полиция.
Қазіргі уақытта алаяқтық фактісі бойынша ұсталғандарға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Олардың кем дегенде 20 ұқсас эпизодқа қатысы бар екені анықталды.
2025 жылдың 17 наурызында полиция қазақстандықтарға қалааралық тасымал саласында алаяқтардың белсенділігі артқанын ескертті.