Премьер-министр Олжас Бектенов Энергетика министрлігі ұжымына жаңа басшысы Ерлан Ақкенженовті таныстырды . Бұл туралы KAZ.NUR.KZ үкіметтің Telegram-дағы арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Олжас Бектенов Алмасадам Сәтқалиевке мұнай-газ, мұнай-газ химиясы өнеркәсібі, энергетика салаларына қосқан үлесі үшін алғысын білдіріп, Атом энергиясы агенттігінің төрағасы лауазымындағы қызметіне табыс тіледі.
Премьер-министр жаңа министрді таныстыру барысында Ерлан Ақкенженовтің энергетика, мұнай және газ саласындағы, мұнай өнімдерін өңдеу және тасымалдау саласындағы мол тәжірибесі бар екеніне тоқталды.
Премьер-министр мемлекет басшысы еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын ауқымды жаңарту міндетін қойғанын атап өтті.
Энергетика министрлігі ұжымы мен жаңа министрге стратегиялық маңызы бар жобаларды іске асыру, оның ішінде үш ЖЭО, Екібастұз ГРЭС-3 құрылысы, Батыс аймақтың электр желілерін еліміздің электр энергетикалық жүйесімен біріктіруді аяқтау және 3 ГВт энергия қуаттарын іске қосу тапсырылды.
Сондай-ақ мемлекет басшысының мұнай-газ жобаларын кеңейту, газ өңдеу зауыттарын салу жобаларын уақтылы іске асыру, мұнай өнімдерін өндіру және ішкі нарықты көгілдір отынмен қамту мәселелерінде тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша жұмыстың басым бағыттары белгіленді.