Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев 2025 жылы 19 наурызда Сенат дәлізінде берген сұқбатында Қазақстанда ойын мекемелері қай өңірлерден ашылуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қазір заң бойынша – Қапшағай мен Щучье-Бурабай курорттық аймақтарында ставка тігуге болады.
"Оны одан әрі кеңейту жайы талқылануда. Себебі казино қызметі — туризм. Біз мемлекеттік орган ретінде жаңа орындар ашу туралы айтқанда, олардың тек шетелдік туристер үшін болғанын талап етеміз", – деп жауап берді Ержан Еркінбаев.
Оның айтуынша, әртүрлі өңірлер қарастырылуда. Оның ішінде Маңғыстау облысында әкімдік екі орынды ұсынуда: бұл — "Жылы жағажай" және "Кендірлі" курорттық аймағы.
"Біз қазір әкімдікпен осы ойын аймақтары қанша турист тарта алатынын, одан қанша салық түсуі мүмкін екенін, қандай жұмыс орындарын құруға болатынын қарастырып жатырмыз, яғни біз барлық артықшылықтар мен кемшін тұстарды таразылаудамыз. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы шешім қабылдайды. Сондай-ақ, Алматы облысы, Жетісу облысы, шекара маңы аумақтары ұсынылуда. Бірақ әкімдіктер көп ұсыныс жасай береді, ал шешім нақты есептеулер мен болжамдар негізінде қабылданатын болады", – деп түсіндірді вице-министр.
Оның айтуынша, казиноға кіре берісте адамдар төлқұжатын көрсететін болады.
"Бұл — бірқатар елдерде бар қалыпты тәжірибе. Сингапурда, Оңтүстік Кореяда және басқа елдерде шетелдіктерге ойнауға рұқсат етіледі, бірақ жергілікті халыққа рұқсат етілмейді. Иә, төлқұжатты көрсету талап етіледі. Бізде eqonaq электронды жүйесі бар, онда шетелдіктер тіркеледі, сондықтан мұның шешімі техникалық тұрғыдан өте оңай", – деп сендіреді вице-министр.
Бұған дейін "Қазақстанда 1 млн адам лудоман" деген ақпаратты Туризм министрлігі жоққа шығарғанын жазғанбыз.