What are you looking for?

Өзгерістердің үш жылдығы. Парламентте саяси реформалардың іске асырылуы талқыланды

19.03.2025

Елге қайтарылған заңсыз активтің көлемі 2 триллион теңгеге жетті. Сондай-ақ 12 млн гектар жер мемлекет меншігіне өткізілді. Бұл туралы Мәжілісте айтылды. Жалпы Парламенттегі бүгінгі жиын Президенттің саяси реформаларын іске асыру қорытындысына арналды. Ол қолға алынғалы осы заң шығарушы органдағы депутаттардың құрамы да 70% жаңарыпты. Мазмұны жаңарған және жаңадан қабылданған заңдар да баршылық.

Өзгерістердің үш жылдығы. Мәжілістің бүгінгі жиынын жинақы түрде осылай қарастыруға болады. Алдымен заңсыз активтерді қайтару қолға алынды. Қымбат вилла, зәулім сарай, қонақ үй, бизнес орталық, зауыт-фабрика түріндегі 200-ден астам нысан және млрдтаған қаражат қайтарылды. Не керек бүгінге дейін ерікті және мәжбүрлі түрде 2 триллион теңге актив жиналыпты. Ол қазір мектеп, спорт залдары сынды әлеуметтік нысандар салуға пайдаланылуда. Жалпы білім беру саласына мемлекет бүгінде ерекше басымдық беруде....

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұрын егер біреу мұғалімдердің жалақысы екі-үш есеге өседі, бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі, Ұлттық қордың қаражаты барлық балалардың шотына аударылады десе, бұған сену тұрмақ, көпшілік бізді орындалмайтын арманды айтты деп сөгер ме еді. Егер бұрын әлеуметтік саясат салдармен күресуге бағытталса, қазір проблемалардың алдын алуға басымдық берілуде.

Келесі маңызды өзгеріс — заңсыз берілген және игерілмей жатқан жерлерді қайтару.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазіргі таңда 12,1 млн гектар жер қайтарылған, оның ішінде 4,9 млн гектары халық арасында бөлініп берілген. Бұл тек құрғақ цифрлар емес. Әр шешімнің артында нақты адамдар тұр. Олар өз тәжірибесінде әділдіктің бар екенін және мемлекет оны қалпына келтіру үшін шын мәнінде күресіп жатқанын білді.

Соңғы жылдары ана мен бала құқығын қорғау бағытында да күрес күшейді. Бұған қатысты тиісті заң қабылданды. Сондай-ақ «Онлайн-петиция» тетігі қалыптасып, Конституциялық сот жаңадан құрылды.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Үш жылда билік тармақтарының барлығы жаңарып, жаңғырды. Конституциялық референдум, Президент және Парламент сайлауы өтті. Сонымен қатар түрлі деңгейдегі өкілді органдардың құрамы қайта жасақталды. Аудан, ауыл әкімдері сайланбалы жүйеге көшті.

Ерлан Кошанов қазір Мәжілістегі депутаттық корпустың 70%-ға жаңарғандығын да тілге тиек етті. Бүгінгі жиында алда атқарылуы тиіс жұмыстарға да назар аударылды. Ал отырыс соңында әділетті Қазақстан құру қағидаттарына негізделген қарар қабылданды.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Мұхаметәли Тілдебаев

Social Link

Follow Me On Social Media