Астанада Жеңістің 80 жылдығына және Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойына арналған көрме өтті, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен.
Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында Жеңістің 80 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы, жазушы Бауыржан Момышұлының 115 жылдық мерейтойына орай "Бауыржан Момышұлы — аты аңызға айналған қолбасшы" атты көрме өтті.
Көрмеде Бауыржан Момышұлының жеке күнделігі, 1955-1956 жылдары Калинин қаласында пайдаланған қойын дәптері, соғыс кезіндегі қолданған жеке картасы, портреті, фото-суреттері, қаһармандық ерлігі туралы жазылған көркем туындылар мен Ұлы Отан соғысы жайлы тарихи кітаптар қойылды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының өкілдері, Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің мүшелері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы С.Қ. Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжінің жас ұландары, студенттер мен архив қызметкерлері, тарихшы, ғалымдар қатысты.