Қазақстандық теннисші Александр Бублик 19 наурызда Майамидегі ATP Masters 1000 сериясындағы турнирде сәтті өнер көрсетіп, бірінші айналымда аргентиналық Себастьян Баесті жеңді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Кездесу Бубликтің екі сеттегі жеңісімен аяқталды — 6: 3, 6:4.
Матч 1 сағат 10 минутқа созылды. Осы уақыт ішінде Бублик сегіз эйсті орындап, үш қос қателікке жол берді, алты брейк-пойнттың үшеуін іске асырды. Оның қарсыласы бір де бір эйс жасай алмады, бір қос қателік жіберді және үш брейк-пойнттың біреуін жүзеге асыра алды.
Майамидегі "Мастерс" турнирі 2025 жылдың 18-30 наурызы аралығында өтеді. Екінші айналымда Бублик америкалық Томми Полмен кездеседі.
Бұған дейін Майамиде (АҚШ) WTA-1000 турнирі басталғаны хабарланған болатын. Жекелей сындағы бірінші айналымның матчтары өтті, оның қорытындысы бойынша қазақстандық теннисшілер Елена Рыбакина мен Юлия Путинцеваның қарсыластары анықталды.