Қазақстанда алдағы 6 жылда кадрларға жалпы сұраныс 1,6 млн адамды құрайды. Оның 900 мыңға жуығы кәсіптік білімі бар жұмысшылар, 400 мыңнан астамы жұмысшы мамандықтары бар мамандар болмақ, деп жазады Zakon.kz.
Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Жұмыспен қамту департаментінің директоры Азиз Ибрагимов мәлім етті.
"Жұмысшылар құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және денсаулық сақтау салаларында ең көп сұранысқа ие", – деді ол.
- Құрылыс секторында ең жоғары сұраныс келесі мамандықтарға күтілуде: сылақшылар – 9 758 адам, құрылыс бригадаларының бригадирлері – 9 477 адам, дәнекерлеушілер – 7 229 адам;
- Ауыл шаруашылығы саласында: фермерлер – 10 695 адам, тракторшылар – 7 141 адам, мал шаруашылығы қызметкерлері – 4 940 адам;
- Өңдеу өнеркәсібінде: дәнекерлеушілер – 3 342 адам, тігіншілер мен киімдерді қалпына келтірушілер – 2 606 адам, өнеркәсіптік жабдықтарды жөндеушілер – 2 367 адам, сантехниктер мен құбыр жөндеушілер – 2 051 адам;
- Денсаулық сақтауда: орта буын медицина қызметкерлері – 24 614 адам, жедел жәрдем жүргізушілері – 4 604 адам, фельдшерлер – 4 536 адам.
"Мансап компасы" платформасы негізінде 100 мың орта мектеп оқушысын қамтумен кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта іске қосылуы ағымдағы жылдың сәуір айына жоспарланған бұл платформада кәсіби диагностика функционалдығын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
"Жастар тәжірибесі" жобасы аясында жас мамандарды оқыту, сондай-ақ тәлімгермен жұмыс орнында кәсіби оқыту үшін кемінде 35 мың тәлімгерді тарту жоспарлануда.2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жастар тәжірибесіне 3,2 мың адам жіберілді. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, жастар тәжірибесіне қатысушыларға 2645 тәлімгер бекітілген", – деп қосты Азиз Ибрагимов.
Бүгінгі таңда Skills Enbek платформасында 9827 мектеп оқушылары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері онлайн оқытумен қамтылды.
Жыл бойына "Электрондық еңбек биржасы" бірыңғай цифрлық платформасын пайдалана отырып, кемінде 500 мың мектеп оқушылары мен техникалық және кәсіптік білім беру және оқыту ұйымдарының студенттері жұмыс іздеу және жұмысқа орналасу дағдыларына оқытумен қамтамасыз етіледі. Техникалық және кәсіптік білім берудің 1000 үздік түлегін еліміздің жетекші компанияларына жұмысқа орналастыру жоспарлануда.
Сонымен қатар, жұмыссыздарды кәсіптік оқыту жұмыс берушінің жұмыс орнында алты айдан аспайтын мерзімге ұйымдастырылады.
Бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жасанды интеллект дамуы аясында қандай мамандықтардың жойылып кетуі мүмкін екенін айтқан болатын.