Алматыда құны 50 миллион теңге болатын жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұған дейін ол жеке тұлғаға заңсыз берілген, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл туралы 2025 жылдың 20 наурызында Түрксіб аудандық прокуратурасы хабарлады.
"Түрксіб аудандық прокуратурасының актісіне сәйкес, бұрын әкімдік жеке меншікке, яғни "Бек Эйр" компаниясының бұрынғы құрылтайшысына жер заңнамасын бұза отырып, заңсыз иеліктен шығарылған жалпы құны 50 миллион теңге болатын 0,059 гектар жер телімі бейсенбі күні мемлекет меншігіне қайтарылды", – делінген хабарламада.
Алматы қалалық жер ресурстарын басқару басқармасы оңтүстік астана әкімдігінің жер телімін жеке меншікке сату туралы қаулысын жарамсыз деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінді, сот оны толығымен қанағаттандырды (шешім заңды күшіне енді).
2025 жылдың 11 ақпанында Қарағанды облысында құны 258 миллион теңгеден асатын жер мемлекет меншігіне қайтарылғаны хабарланған болатын.